Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Иранға қарай әскери кемелер армадасы аттанды»: Трамп әлем күтпеген мәлімдеме жасады

11:49, 28 қаңтар 2026

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран бағытына қарай Американың әскери кемелер армадасы бет алғанын жариялады, деп хабарлайды Alash.kz. 

Ақ үй басшысы Айова штатының тұрғындарымен кездесу барысында Тегеран билігі бұл қысымнан кейін тиімді келісімге келеді деген сенімін білдірді.

Қазіргі уақытта АҚШ Қарулы Күштерінің орталық қолбасшылығы «Авраам Линкольн» авианосецінің Үнді мұхитындағы жауапкершілік аймағына жеткенін ресми түрде растап отыр. New York Times басылымының дерегінше, аталған авианосец бір-екі күн ішінде Иран нысандарына соққы беруге толық дайын болады. Вашингтон әкімшілігі Ирандағы ішкі наразылықтардың негізінен басылғанына қарамастан, әскери шабуыл жасау жоспарын әлі де күн тәртібінен алған жоқ.

«Айтпақшы, дәл қазір Иранға қарай тағы бір тамаша армада бағыт алып бара жатыр, алда не боларын көреміз. Мен оларды мәмілеге келеді деп үміттенемін», - деді Дональд Трамп өз мәлімдемесінде.

Ирандағы толқулар желтоқсан айының соңында ұлттық валютаның құнсыздануынан басталған болатын. 1979 жылы тақтан тайдырылған шахтың ұлы Реза Пехлевидің үндеуінен кейін манифестациялар жаппай сипат алып, елде интернет бұғатталды. Кей қалаларда шерулер қауіпсіздік күштерімен қақтығысқа ұласып, екі тараптан да адам шығыны тіркелді.

Бұған жауап ретінде Иран президенті Масуд Пезешкиан экономикалық реформаларды жалғастыруға уәде беріп, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деп АҚШ пен Израильді айыптады. Ресми Тегеран келіссөздерге дайын екенін айтқанымен, қажет болған жағдайда соғысқа толық әзір екенін де ескертті. Трамп болса, егер Иранның күштік құрылымдары наразы топқа оқ атса, соққы беретінін айтып сес көрсетті. Осыған байланысты 22 қаңтарға қараған түні Иран өз әуе кеңістігін уақытша жауып тастады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар