Иран Ормұз бұғазын қайтадан жабатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters агенттігі, деп жазды Alash.kz.
Иранның жоғары біріккен әскери қолбасшылығы АҚШ-тың өзара түсіністік туралы меморандумның бірінші тармағы бойынша міндеттемелерін орындамағанын және Израильдің Ливанның оңтүстігіндегі атысты тоқтату режимін бұзуын алға тартып, Ормұз бұғазының жабылатынын жариялады.
Иран Қарулы күштерінің «Хатам әл-Анбия» орталық қолбасшылығы бұл қадамды меморандумдағы міндеттемелердің бұзылуына жауап ретінде жасалған «алғашқы шара» деп атады.
Мемлекеттік Mehr агенттігі таратқан мәлімдемеде Иран әскери басшылығы «агрессия жалғасқан жағдайда» қосымша шаралар қабылданатынын ескертті.
Сонымен қатар, сенбі күні Ливан мен Хезболла жарияланған бітімге қарамастан әскери іс-қимылдарды жалғастырғаны хабарланды.
Алайда АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Fox News арнасына берген сұхбатында Иранның Ормұз бұғазындағы кеме қатынасын шынымен тоқтатқанын растайтын нақты ақпарат әзірге жоқ екенін айтты.
Осы арада Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі ирандық делегацияның Швейцарияға барып, АҚШ тарапының өз міндеттемелерін орындауын бақылауға ниетті екенін мәлімдеді. Reuters мәліметінше, бұл елге АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф те баруы мүмкін.
Иранның мемлекеттік Fars News Agency агенттігі таратқан мәлімдемеде Тегеран өз міндеттемелерін орындағанын, енді АҚШ Израильді Ливанға шабуылдарын тоқтатуға мәжбүрлеуі тиіс екенін атап өтті.