Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде әнші Қайрат Нұртасқа қатысты түрлі мәліметтер қамтылған жазба тарады. Онда Астанадағы қонақүйлердің бірінде болған жағдай туралы, сондай-ақ интимдік қызмет, ақшалай төлем және жанжал жөнінде ақпарат келтірілген. Алайда тараған скриншоттың ресми құжат екені немесе ондағы мәліметтердің шынайылығы әзірге дәлелденген жоқ, деп жазды Alash.kz.
Астана қаласы Полиция департаменті 10 шілде күні «102» арнасына 2006 жылы туған бойжеткеннен хабарлама түскенін растады. Оның айтуынша, қаладағы қонақүйлердің бірінде ер адам өзіне қатысты құқыққа қайшы әрекет жасаған.
Полицияның мәліметінше, тексеру барысында қонақүйге келген екі адамның арасында жеке сипаттағы жанжал болғаны анықталған. Ведомство зорлау туралы ақпараттың расталмағанын хабарлап, қазіргі уақытта жанжалдың шешілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ арызданушы кейін өз шағымы мен талаптарынан бас тартқан.
Осыған байланысты әлеуметтік желілерде тараған скриншоттағы интимдік қызмет, ақшалай төлем және басқа да жеке өмірге қатысты мәліметтер ресми түрде расталмаған. Олардың шығу тегі мен түпнұсқалығы әзірге белгісіз.
Айта кетейік, арыздың кейін қайтарылуы бастапқы хабарламаның жалған болғанын автоматты түрде білдірмейді. Сонымен қатар, адамды қандай да бір қылмыс жасады деп тану үшін әлеуметтік желідегі жазбалар немесе арыздың өзі жеткіліксіз. Мұндай қорытынды тек заңды күшіне енген сот шешімі негізінде ғана жасалады.
Қайрат Нұртас бұл мәселеге қатысты әзірге жария түрде пікір білдірген жоқ.
