Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Интернет өшеді»: 17 қарашада жаһандық дағдарыс бастала ма? ТЖМ мәлімдеме жасады

12:43, 06 қараша 2026

Әлеуметтік желілерде 17 қарашадан бастап интернеттің үш айға өшетіні, банктерге кибершабуыл жасалып, «COVID 2.0» басталатыны туралы тараған хабарламаларға байланысты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Alash.kz.

Желіде тараған жазбаларда азаматтарға шұғыл түрде азық-түлік, ауызсу мен қолма-қол ақша жинап қою ескертілген болатын. Алайда ведомство өкілдері мұндай ресми ескерту таратпағандарын жеткізіп, бұл ақпаратты жоққа шығарды. Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі осы мәселеге қатысты мынадай ресми мәлімдеме жасады:

«Бүгінде ТЖМ халықты шұғыл түрде азық-түлік, су және дәрі-дәрмек қорын жинауға шақыратын ресми ескерту жасаған жоқ», — деп хабарлады министрліктің өкілдері.

Соған қарамастан, ведомство азаматтарға кез келген төтенше жағдайға алдын ала дайын болу үшін үш тәулікке (72 сағат) жететін қажетті заттар қорын жинап қоюды ұсынады. ТЖМ ұсынған тізімде ауызсу, маңызды құжаттар, қолма-қол ақша, байланыс құралдары, портативті қуаттағыштар, қолшам және жылы киімдер бар.

Сондай-ақ министрлік ел бойынша төтенше жағдайларға тәулік бойы толық мониторинг жүргізіліп жатқанын және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарының тұрақты бақылауда екенін ескертті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар