Ресей мен Беларусьтің ядролық күштері бірлескен әскери жаттығуын аяқтады. Осыдан кейін РФ президенті Владимир Путин ядролық триаданың атқаратын негізгі міндеттерін жіпке тізді, деп хабарлайды Alash.kz «Белта» деректеріне сүйеніп.
Ресей басшысы қазіргі таңдағы геосаяси жағдайдың күрделілігіне тоқталып, ядролық әлеуеттің маңыздылығын алға тартты. Оның айтуынша, бұл жүйе екі елдің қауіпсіздігі үшін басты қорған болып қала бермек.
«Әлемдегі шиеленістің артуын, жаңа қауіп-қатерлер мен тәуекелдердің пайда болуын ескере отырып, біздің ядролық триадамыз бұрынғыдай Ресей мен Беларусь Одақтық мемлекетінің егемендігінің сенімді кепілі болуы тиіс», — деп айтты Владимир Путин.
Сонымен қатар, РФ президенті ядролық триаданың мойнына жүктелген тағы бірнеше маңызды функцияны атап өтті. Путиннің пайымдауынша, бұл күштер стратегиялық тежеу міндетін мүлтіксіз орындап, ядролық паритетті нық сақтауы, сондай-ақ жаһандық деңгейдегі күштер тепе-теңдігін қамтамасыз етуі қажет.