Халық әртісі, әнші Тамара Асар Қазақстан Халық партиясы атынан Құрылтай депутаттығына үміткер ретінде тіркелді, деп жазады Alash.kz.
Өнер иесі саясатқа келудегі басты мақсаты туралы айтып, халықтың көкейінде жүрген мәселелерді көтеруді мақсат ететінін жеткізді.
Тамара Асардың сөзінше, елге қызмет ету үшін адамның мамандығы емес, саяси сауаты, жоғары білімі және халықтың жағдайын түсіне білуі маңызды.
“Біріншіден, елдің адамы оның мамандығына қарамауы керек деп ойлаймын. Ең бастысы - ол саяси сауатты, интеллектісі жоғары болуы керек. Оның жоғары білім туралы дипломы болуы керек. Жалпы, халықтың жағдайын түсінетін адам болса, ол мамандыққа қарамайды дейді ғой.
Менің осы уақытқа дейінгі жарты ғасыр өмірім оқумен өтті. Сахнамен бірге білімді қатар алып жүрдім. Бұл жерде депутат болған кезде адам шен де, атақ та қумайды. Өмір бойы “осыны жасай алмадым-ау” деп ойлайтын көкейкесті мәселелер болады.
Жаңа өзіңіз байқасаңыз, мен сахнаға әрең шықтым. 21 жасымнан бері көкейімде жүрген мәселем бар. Сол мәселенің сөресі мүлдем бос тұр. Ол сау адамның санасына кіріп те шықпайды”,- деді Тамара Асар Abay Live YouTube-арнасына берген сұхбатында.