Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Халық күдер үзуге айналған еді". Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі лауазымынан босатылды

11:41, 09 қазан 2024 769

Мемлекет басшысының Жарлығымен Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы хабарлады.

Ұлт ұясының тізгінін ұстаған Берік Әбдіғалиұлы арнайы жазба жариялады:

Қадірлі жерлестер! 2022 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен еңсесін қайта тіктеген Ұлытау облысының тізгінін ұстау бұйырған сәтте мен оған басшылық қызмет дегеннен гөрі, туған жерге деген перзенттік борышым деп қарадым. Осындай мүмкіндік берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, халыққа алғысымды айтамын. Екі жылдан астам уақыт ішінде өңірде ширек ғасыр бойы қордаланған мәселелердің шешімін табу оңай болған жоқ. Осы орайда аталған уақыт аралығында қолдау білдірген өздеріңізге рахметімді жеткізе отырып, бүгіннен бастап, Ұлытау облысындағы әкімдік қызметімді аяқтайтынымды хабарлаймын. Азды-көпті уақыт ішінде өңірге қолымнан келгенше қызмет жасадым, нәтиже де бар, кемшіліктер де жоқ емес. Ең бастысы, халық күдер үзуге айналған күрделі мәселелер назарға қайта ілігіп, сең қозғалды. Ұзақ жылдан бері тұралап қалған құрылыстардың бойына қан жүгіріп, ел игілігіне берілуге жақын, - деді ол. 

Кейіннен өңірдегі бастамалар мен атқарылған игілікті істерді талдады:

Жыл басынан бері 200-ге жуық ұлытаулық баспанаға қол жеткізді. Осы жылдың соңына дейін облыста тағы 1 аурухана, 2 балабақша, 1 оқушылар сарайы, 2 мектеп пен бассейні бар денешынықтыру және спорт кешені, 11 ФАП, 11 медициналық пункт қолдануға беріледі. Облыс орталығын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында қолға алынған «Үйтас-Айдос» жерасты суағарынан тіршілік нәрін тарту жобасы аяқталу сатысында. Жаңа құбырлар толықтай ауыстырылды. Нәтижесінде келер жылы жезқазғандықтар сапалы суға қол жеткізеді. Жезқазған-Қызылорда күре жолында да дайындық жұмыстары басталды, Ұлытау-Арқалық жолы асфальтталып жатыр. Бұл – біздің өңір ғана емес, барлық ел күткен жаңғыру жолы еді. Былтыр жалпы облыс бойынша 172 шақырым жол жаңартылса, биыл 196 километр жол жөнделіп жатыр. Оның 15 км республикалық және 53 км облыстық маңызы бар автожолдар, 104 км қалаішілік және кентішілік. Қазіргі күні Жезқазғандағы жылу, су құбырларын ауыстыру, жол жөндеу сынды күрделі қара жұмыстар аяқталу сатысында. Ендігі кезекте – қаланың абаттандыру жұмыстары. Оның жобасы дайын, келер жылы қолға алынуы тиіс. Сонымен қатар келесі жылы Қазақмыс корпорациясымен облыс орталығында Халықаралық университет пен Мәдениет және өнер сарайының құрылысы басталады. Ал Құмкөл мұнай компанияларымен Жезқазғанда балабақша, оқушылар сарайын салу үшін келісім орнады. Құрметті Ұлытау облысының тұрғындары! Туған жердің көркейіп, алдыңғы деңгейлі облыстардың қатарында болуын әуелден тілеген болсам, ары қарай да шынайы ниеттес болып қала беремін. Облысқа жаңадан тағайындалған Дастан Адайұлына сәттілік тілеймін. Өңірдің тумасы әрі тәжірибелі кадр ретінде Ұлытау өңірін өркендетуге барын салады деген сенімдемін. Баршаңыздың отбасыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін! - деді ол. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар