Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздардың отбасылары мен жақындарына терең қайғырып көңіл айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сайтында жарияланған хабарламада Тұңғыш Президенттің бұл оқиғаны күйзеліспен қабылдағаны атап өтілді.
«Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде Қарулы Күштердің әскери қызметшілерінің қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады. Тұңғыш президент орны толмас қайғыға ортақтасып, марқұмдардың отбасы мен жақындарына көңіл айтты», — делінген ресми ақпаратта.
Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы жағдай орын алған еді. Ашық теңізде оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, соққан екпінді желдің салдарынан сарбаздарды теңізге алып кеткен болатын. Қазіргі уақытта Ақтау гарнизонында орын алған бұл оқиғаға қатысты Бас прокуратура тарапынан қылмыстық іс қозғалып, кешенді тергеу амалдары жүргізілуде.