Продюсер Баян Алагөзова жаңа сұхбатында жұбайы Тұрсын Алагөзовтің кәсіпкерлік жолындағы күрделі кезеңдерге тоқталды. Ол бизнестегі дағдарыс кезінде кейбір адамдардың отбасынан теріс айналғанын, ал қиындыққа қарамастан жанында қалған жандардың әлі де бірге екенін айтты, деп хабарлайды Alash.KZ порталы.
Бұл туралы Баян Алагөзова журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында әңгімеледі.
Продюсердің сөзінше, Тұрсын Алагөзов үшін сол кезең оңай болмаған. Оның айналасындағы адамдардың бір бөлігі қиындық кезінде қолдау көрсетпей, одан алыстаған. Алайда Баян Алагөзова олардың аты-жөнін жариялауды жөн көрмейтінін айтты.
«Ол сәтте оған өте көп адам сатқындық жасады, теріс айналды. Қазір аты-жөндерін атағым келмейді, бұл менің шаруам емес әрі бұл әдепсіздік болар еді. Дегенмен, оның жанында соңына дейін адал болып қалған адамдар да бар, олар қазір де бірге. Сонымен қатар сатып кеткендер де аз болмады. Осының бәрі көз алдымда өтті. Адамның табиғаты сондай болса керек», – деді Баян Алагөзова.
Сұхбат барысында продюсер Тұрсын Алагөзовке тиесілі кәсіпорынға қатысты ұзаққа созылған дауға да пікір білдірді. Оның айтуынша, зауыттың меншік мәселесі бірнеше жыл бойы сотта қаралған.
Баян Алагөзова кәсіпорынның бұрынғы иесінен заңсыз алынғанын айтып, бұл мәселеге байланысты қылмыстық іс қозғалып, сот шешімі шыққанын жеткізді.
«Гүлмира зауытты сатып алған жоқ, тартып алды. Егер сатып алған болса, қазір түрмеде отырмас еді. Ол қазір тек біздің іс бойынша емес, басқа да көптеген іс бойынша жазасын өтеп жатыр. Оған қатысты рейдерлік бойынша арыз берілді. Сонда бәрі дәлелденіп, ол тиісті жазасын алды», – деді продюсер.
Баян Алагөзованың айтуынша, зауытты заңды иесіне қайтару үшін шамамен бес жыл уақыт кеткен. Бұл кезеңде отбасы мәселені басқа жолдармен шешуге тырыспай, барлық әрекетін сот арқылы жүргізген.
«Қазір ол – зауыттың толыққанды акционері. 100 пайыз емес, 93 пайыз акциясы оған, ал 7 пайызы серіктесіне тиесілі. Зауытты қайтару үшін 5 жылдай уақыт кетті. Біз ешкімнің есігін қаққанымыз жоқ, ешкімнен көмек сұрамадық. Тек құқықтық негізде әрекет еттік: аудандық сот, қалалық сот, облыстық сот, республикалық сот өтті. Басқа ешкімге жүгінген жоқпыз», – деді Баян Алагөзова.
Осылайша, продюсердің айтуынша, зауытқа қатысты дау бірнеше сот сатысында қаралып, кәсіпорынның басым бөлігі Тұрсын Алагөзовке қайтарылған. Қазір оның зауыттағы үлесі 93 пайызды құрайды, қалған 7 пайызы серіктесіне тиесілі.