Геннадий Головкиннің алғашқы бапкері Виктор Дмитриев өмірден өтті, деп хабарлайды Alash.kz
Бүгін отадан кейін Геннадий Головкиннің алғашқы жаттықтырушысы, белгілі бапкер Виктор Константинович Дмитриев дүниеден өтті. Бұл жайында оның туған-туыстары хабарлады.
Виктор Дмитриев 1953 жылы 26 шілдеде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Әскер қатарында борышын өтеген соң, тау-кен техникумында білім алып, Костенко атындағы шахтада жұмыс істеген. Кейін Қарағанды педагогикалық институтының «Дене шынықтыру» факультетін тәмамдап, кәсіптік-техникалық училищеде ұстаздық етті. 1987 жылдан бастап жаттықтырушылық қызметке бет бұрды – әуелі «Еңбек резервтері» спорт қоғамында, кейін Қарағандының бірқатар спорт ұйымдарында еңбек етті.
Виктор Константинович 40 жылдан астам өмірін жастарды жаттықтыруға арнады. Ол 10-нан астам Қазақстанның спорт шеберін, 20 спорт шеберлігіне үміткерді тәрбиеледі. Шәкірттері республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінді. Алайда бапкер еңбегінің басты жемісі – әлем чемпионы Геннадий Головкиннің спорт жолының бастауында тұрғаны сөзсіз.