Қазақстанның Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті, аты аңызға айналған боксшы Геннадий Головкин француздың Francs Jeux басылымына кең көлемді сұхбат берді. Онда ол World Boxing халықаралық федерациясының президенттігіне кандидат атануына не түрткі болғанын түсіндірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Қазан айында Головкиннің есімі ұйымды басқаруға үміткерлер тізіміне енгізілгені белгілі. Журналистер оған осы шешімнің себебін сұраған.
Головкиннің айтуынша, бокстың Олимпиада бағдарламасынан шығарылуы мүмкін деген мәселе оны алаңдатқан.
Ол спорттың қазіргі жағдайына қатысты ойын былай жеткізді:
«Мен боксты Қазақстандағы шағын залда бастадым. Барлық сатылардан өттім және спортшылардың қандай қиындықтардан өтетінін жақсы білемін. Бокс менің өмірімді қалыптастырды, бірақ сонымен бірге жүйе істен шыққанда бұл өмірдің қаншалықты осал болатынын да көрдім».
Головкин жинаған тәжірибесін пайдаланып, бокс әлеміндегі әділдік пен ашықтықты күшейтуді басты мақсаттарының бірі екенін атап өтті.
Спортшы президенттік лауазымнан бөлек, вице-президент және директорлар кеңесінің мүшесі қызметтеріне де кандидатурасын ұсынған.
Ол сайлауға қатысты позициясын да ашық айтты:
«Мен президенттік сайлауда жеңіске жетемін деп сенемін. Бірақ егер бұл орындалмаса, ұйымға басқа лауазымда болса да пайда әкелуге әзірмін».
Головкин Халықаралық олимпиадалық комитеттің басты талабына тоқталып, спорт түрлерінің барлығы өз орнын дәлелдеуі қажет екенін айтты.
«Әр спорт түрі өз орнын дәлелдеп отыруы тиіс: атлеттерді қорғау, гендерлік теңдік, толық ашықтық. Ал бокс үшін бұл – төреліктен бастап басқаруға дейін мінсіз әділдік. Осы талаптарды мүлтіксіз орындасақ, бокс Олимпиадалық бағдарламада ғана қалмай, өз орнын күшейте түседі».
Айта кетейік, World Boxing ұйымының жаңа президентін сайлау 23 қарашада Римде өтетін Конгресс барысында ұйымдастырылады.