Еуропаны қамтыған рекордтық аптап ыстық кезінде Францияда артық өлім-жітімнің 1000 жағдайы тіркелді. Бұл туралы елдің Santé Publique France қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі мәлімдеді, деп жазды Alash.kz.
Ведомствоның мәліметінше, қайтыс болғандардың басым бөлігі 65 жастан асқан адамдар. Дегенмен, аптап ыстықтың денсаулыққа кері әсері халықтың барлық жас санатында байқалған.
Агенттік қарттар үйлері мен ауруханалардан қосымша мәліметтер түскен сайын қайтыс болғандар саны артуы мүмкін екенін ескертті.
Қазіргі уақытта ыстық ауа райы Еуропаның шығыс бөлігіне қарай ойысуда. Францияның метеорологиялық қызметі елдің көп бөлігінде аптаптың бәсеңдегенін хабарлағанымен, солтүстік-шығыс аймақтарында жоғары температураға байланысты ескерту әлі де күшінде қалып отыр.