Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Фонограммаға тыйым салынсын деген талабымыз қолдау таппады" - Мақсат Толықбай министрлікке қатты шүйлікті

12:41, 26 ақпан 2025 162
 

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай қазақ әншілерінің концерттерде фонограммамен өнер көрсетуіне заң жүзінде тыйым салу қажет екенін мәлімдеді, деп жазады Alash.KZ.

Оның айтуынша, бұл мәселені шешу үшін депутаттар бірнеше рет Мәдениет және ақпарат министрлігіне ұсыныс жолдаған.

“Қолданыстағы заңнама бойынша әнші фонограммамен ән айтатын болса, бұл туралы концертті ұйымдастырушылар көрерменді хабардар етуге міндетті. Алайда бұл талап іс жүзінде орындалмай келеді. Сол себепті біз заңға фонограммамен ән айтуға толық тыйым салатын түзетулер енгізуді ұсындық. Бірақ министрлік оны қолдап отырған жоқ”, - дейді ол.

Депутаттың сөзінше, аталған мәселеге байланысты түрлі сылтау айтылған.

“Біріншіден, өңірлердегі концерт залдарының техникалық жабдықтары 70%-ға тозғаны айтылды. Осыған байланысты біз заң талабын жеңілдетіп: «егер концерт өтетін орын қажетті техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілсе, фонограммаға тыйым салынсын» деген норма ұсындық. Алайда бұл да қолдау таппады.

Ал екіншіден, дыбыс режиссерлерінің жетіспейтінін айтты. Оларға сұраныс болмаған соң, әрине, жетіспейді. Біз норманы тағы да жеңілдетіп: "егер орын жеткілікті түрде жабдықталмаған және концерттерге бейімделмеген болса, осы туралы көрерменді хабардар ете отырып, фонограммаға рұқсат етіледі" дедік. Сіздер бұған да қарсысыздар, біздің ұсынысымыз екінші оқылымға дейін қолдау таба ма?”, - деп күйінді ол.

Өз кезегінде Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов бұл мәселе 11 наурызда өтетін кеңейтілген жиында қарастырылатынын атап өтті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар