Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Фейк ақпараттар Байбек "Нұр Отан" басшысының орынбасары кезінде етек жайды

10:03, 05 сәуір 2024 565

Белгілі PR маманы, журналист Назым Жанғазинова фейк ақпараттардың қоғамға ықпалы туралы ойын ортаға салды. Бұл туралы Жанғазиновамен сөйлескен "даланевс" жазды.

Медиа маманы әңгімесін осыдан бірнеше күн бұрын қамауға алынған БАҚ өкілінің жағдайынан бастады. 2024 жылғы 1 сәуірде әлеуметтік желілерде журналист Данияр Әділбековтің Астанада ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Оның үстінен жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалған. Айтуынша, ақпарат ағымындағы бұл үрдіс жылдар бойы жалғасып келеді.

"Бүгін (1 сәуір - ред) журналист Данияр Әділбековтің ұсталғаны туралы жаңалық шықты. Ол жалған ақпарат таратты деген айыппен 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Мәліметтерге сүйенсек, анонимді "Дикая Орда" telegram-арнасын Әділбеков жүргізген көрінеді. Мұнда әртүрлі фейк пен жалған ақпараттар желдей ескен.

Осы тұста олар мені де белгілеп кетіпті.

Ендеше осы мәселе бойынша пікірімді бөліскім келеді. Мен медиа индустрияға жаңадан келген адам емеспін. Сондықтан анонимді Telegram арналарда жарияланатын жалған жаңалықтардың даму тарихын аз-кем білемін", - дейді маман.

Ол мұндай үлкен толқынның алды Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек жаңа қызметке тағайындалған кезде бастау алғанын жеткізді.

"Менің субъективті пікірімше, осы сарындағы ақпараттық соғыс 2018-2020 жылдар аралығында Байбек "Нұр Отан" басшысының орынбасары болып тағайындалған кезде кең етек жайды. Өткенге көз жүгіртсек, дәл сол жылдары анонимді арналардың пайда болуы белең алған екен.

Ал бірқатар арна мен олардың авторларын анонимизациялағаннан кейін көпшілігі сол кезде “Нұр Медиа” арнасында жұмыс істегені белгілі болды. Михаил Козачков осы тақырыпқа байланысты зерттеулер жазған болатын. Бұл жігіттердің абырой-беделіне кір келіп, көптеген адам олардан бас ала қашатын болды. Бұл таңғаларлық жағдай емес.

"Батырлардың" бет-бейнесін ашатын арналар жарыққа шыққанымен, олардың кейбіреуі әлі күнге дейін көлеңкеде қалып, әркімнен мін тауып, кір жағуын жалғастырып келеді", - дейді ол.

Айтуынша, өзі де осындай жасырын арналардың қысымына ұшыраған.

"Мен де кейде жалған ақпарат тарататын "диван сыншыларының" негізгі нысанына айналып жатамын. Мәселен, жұмыс барысында "серіктестік" қызмет ұсынып келгендері де болды. Тіпті кейбір арнаның иелері қорқытуға дейін барды.

Менде оларға төтеп беретін күш пен рух болды. Себебі мен әрдайым өзімнің тазалығым мен кәсібилігіме сенімді едім. Осы тұста, контент-мейкерлермен жұмыс істейтін тұтынушыларға кеңес бергім келеді: кез келген жағдайда абай болыңыздар. Кейбір авторлар редакциядағы және Tg арналарындағы жұмысын біріктіреді. Сондықтан "адал" жұмысыңызға ақша төлеу арқылы "теріс" істердің құрбаны болып кетуден сақтаныңыз", - деп сөзін жалғады ол.

Осы тұста медиа маманы қазіргі таңда елімізде мұндай арналарға тосқауыл қоятын күш бар екенін атап өтті.

"Қуанышқа орай, жаңа Қазақстанда мұндай ақпарат ағымы азайып  барады. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, Байбек тұсындағы үлкен дауылдың беті қайтқан. Сонымен бірге бәріміз білетіндей, пайда болған вакуум әрқашан басқа біреуді толтыруға тырысады. Бүгінде шетелдік агенттер жасырын арналардағы вакуумның басым бөлігін толтыруда.

Мәселен, бұрын анонимдердің 80% - ы Байбек пен Ко-ны ескі Қазақстаннан бөлсе, қазір оларды шет мемлекеттер, атап айтқанда Ресей, Украина, АҚШ, Түркия және т.б. бөледі.

Бұған дейін ақпараттар мен басылымдардың тартысы іштей орын алса, қазіргі таңда Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде шет мемлекеттермен идеологиялық соғыс жүріп жатыр. Олардың ниеті әртүрлі, дегенмен барлығын бір мақсат біріктіреді. Бұл - қоғамды шағын мүдделі топтарға бөлу.   

Бұны жасырын адамдар жариялайтын жаңалықтарды оқыған кезде ескергеніңіз жөн. Әділбековтің кінәсі бар-жоғын айта алмаймын. Тергеу барысында бәрі анықталады. Алайда мұндай арналарды анонимизациялау жұмысы жақсы бастама екенін атап өткім келеді. Кез келген анонимді арна мен оның авторлары ерте ме, кеш пе анықталатынын есте сақтаңыз”, - деді Назым Жанғазинова.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар