Украина президенті Владимир Зеленский Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда Еуропа елдерінің қазіргі геосаяси ұстанымын қатаң сынға алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Украина басшысы өткен жылғы баяндамасында айтылған мәселелердің әлі де шешімін таппағанына тоқталып, құрлық елдерін батыл қимылдауға шақырды.
Зеленскийдің пайымдауынша, Еуропа біртұтас жаһандық күшке айналудың орнына, әлі де болса жекелеген шағын мемлекеттердің жиынтығы ретінде қалып отыр. Бұл жағдай АҚШ секілді алпауыт елдердің Еуропа мүддесімен санасуына кедергі келтіруде. Сондай-ақ ол Ресейдің мұнай экспортына салынған санкциялардың тиімсіздігін және «көлеңкелі флотпен» күрестің әлсіздігін атап өтті.
«Ресей мұнайы Украинадағы соғысты қаржыландырып отыр. Еуропа бұдан да көп жұмыс істеуі керек. Мұнайды тоқтату, тәркілеу және Еуропаның мүддесі үшін сату қажет. Егер, Путинде ақша болмаса, Еуропа үшін соғыс та болмайды», - деп мәлімдеді Владимир Зеленский.
Украина президенті өз сөзінде халықаралық ұйымдар мен жаңадан құрылып жатқан «Бейбітшілік кеңесінің» жұмысына да көңілі толмайтынын жеткізді. Ол Ирандағы адам құқықтарының бұзылуына әлемдік қауымдастықтың дер кезінде реакция танытпағанын мысалға келтіріп, саяси ерік-жігердің жоқтығын сынға алды.