Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Есірткі таратушылар – біздің жауымыз!» - Астанада «САТҚЫНДАР» науқаны бастау алды

17:47, 21 қыркүйек 2024 569

Бүгін, 21 қыркүйек күні Астанада синтетикалық есірткі таратушыларға қарсы бұрын-соңды болмаған «САТҚЫНДАР» атты ауқымды науқан бастау алды, деп хабарлайды ALASH.KZ ұлттық порталы.

«Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен бұл игі шарада еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан астам жас жиналып, бұл игі бастама арқылы жас ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін есірткі саудасына қарсы күрестің жаңа кезеңі басталғанын жария етіп, қауіпті дертке қарсы бірігіп, шешуші әрекет етуге көшті.


Іс-шараның ресми бөлімінде сахнада еліміздің беделді спортшылары мен қоғам қайраткерлері, қазақстандық алып күш иесі, әлемнің төрт дүркін рекордшысы, Гиннес рекордтар кітабының рекордшысы Сергей Цырульников, «РЕКАВЕРИ-ПАВЛОДАР» ҚБ үйлестірушісі Сергей Лаптев, «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушілері - MMA бойынша Әлем чемпионы Василий Тахтай, Дүниежүзілік бокс сериясының (WCB) екі дүркін әлем чемпионы Мейірболат Тойытов, қазақ күресінен Әлем чемпионатының жүлдегері Нұрғали Тұрсынғазиев, Нұрбол Сейітқалиев сөз сөйлеп, жастарды есірткіге қарсы күресте батылдық пен белсенділік танытуға шақырып, еліміздің болашағы үшін бірге күресуге үндеді.



Сонымен қатар, бұл науқанды Shiza, HiRo және Yerbolat сынды еліміздің танымал әншілері қолдап, өз өнерлерін көрсетіп,  жастарды есірткіге қарсы күресте белсенділік танытуға шақырды.


Alash.kz редакциясы ігі бастаманы қолдап, ұйымдастырушылармен тілдесіп қайтты.

Нұрғали ТҰРСЫНҒАЗИЕВ, «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі:

- «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің басты мақсаты – Қазақ елінің болашағына бей-жай қарамайтын патриот жастарды бір ұйымға біріктіру. Жақында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында синтетикалық есірткі мәселесіне арнайы тоқталды. Бұл – қоғамның үлкен дерті, оны шешу – біздің басты міндетіміз. Осыған орай бүгін біз «Сатқындар» атты ауқымды науқанды бастадық. Кейбіреулер бұл атауды дұрыс түсінбеуі мүмкін. Мұнда біз «сатқындар» деп еліміздің болашағына балта шауып, жастарымыздың санасын улап, жеке басының мүддесі үшін синтетикалық есірткі сатып жүрген адамдарды айтып отырмыз. Оларға қарсы күресу – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. 

Себебі, қазіргі таңда жастар арасында синтетикалық есірткі сату өте жиі кездесуде. Бұл – шындық.  Көшелерде байқалмайтын QR кодтар мен Telegram сілтемелері арқылы есірткіні бар-жоғы 5 минутта сатып алуға болады. Бағасы өте арзан – үш бөтелке сусынның құнына тең, сондықтан 12-15 жастағы балалар да есірткіні оп-оңай сатып ала алады. Мұны ешкім қадағалап жатқан жоқ. Біз қоғамды жайлаған осы өзекті проблемаға назар аударып, осы акцияны арнайы ұйымдастырдық.  Акция басталар алдында біз Астана көшелерінде рейд жүргіздік.

Егер бұған дейін әкімдік тек есірткі жарнамаларын өшірумен шектелсе, біз олардың орнына өзіміздің Telegram арнамызға бағыттайтын QR кодтарды орналастырдық. Осылайша, есірткіге қызығушылық танытқандардың мәліметтері біздің базаға түседі. Ол базада Астана қаласы бойынша карта бар, онда есірткі сатып алғысы келетін адамның орналасқан жері көрсетіледі. Telegram арнасына кіргеннен кейін оның толық аты-жөні де анықталады. Осы база арқылы тіркелген адамдарға қатысты мәліметтерді біз құқық қорғау органдарына тапсырамыз. Осылайша полиция қызметкерлері оларға тиісті шаралар қолдана алады. Бүгінгі науқанға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастар есірткімен күресу жолдарын үйреніп, өз өңірлерінде синтетикалық есірткімен күрес жұмысын жалғастырады. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды есірткіден толық тазарту.


Мейірболат ТОЙЫТОВ, «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі:

– Қазір көпшіліктің көкейінде: "Неліктен біз осындай жауапкершілікті өз мойнымызға алдық? Неліктен біз өз күшімізге соншалықты сенімдіміз? Неліктен біз алдыңғылар сәтсіздікке ұшыраған күресті бастауға қорықпаймыз?” деген сұрақтар туындауда. Біріншіден, біз – іс адамдарымыз! Біз бастаған ісімізді ешқашан жарты жолда тастамаймыз. Суррогат алкогольге қарсы күресімізді бастағанда көп адамдар күліп, бұл бос әурешілік деп айтқан болатын. Алайда, қазір апта сайын Астанада рейдтер жүргізіліп, біздің "қырандарымыз" заңсыз суррогат алкогольді сататын орындарды анықтауда. Жүйелі жұмыс нәтижесінде полиция осы бастамаға назар аударып, қазір олар бұл істерді тиянақты қарастырып жатыр.

Сондай-ақ, елімізде су тасқыны орын алған кезде біз алғашқылардың бірі болып көмекке ұмтылдық. «Дала Қырандары» табиғи апат орындарына барып, адамдар мен үйлерді құтқару үшін тынымсыз жұмыс істеді. Біз суға кіріп, қауіп сейілгенге дейін сол жерде болдық. Екіншіден, "Дала Қырандарының" негізгі мақсаты – дені сау ұлт қалыптастыру. Қазір жастардың денсаулығына ең үлкен қауіп – есірткі. Есірткі таратушылар – біздің жауымыз! Егер олардың көзін құрта алсақ, еліміздің болашағын сақтаймыз!

Үшіншіден, біз Астанадағы «Дала Қырандары» штабында кез келген жан өмірін өзгерте алатынын көрсетіп келеміз. Біздің қырандарымыз нормативтерді тапсырып, білім алып, спортпен айналысады. Қазір бізбен бірге жүздеген жастар есірткіден қорғанды. Олардың саны күннен-күнге артуда, өйткені біздің қатарымызға қосылғысы келетін жастар өз ниеттерін білдіруде. Бұл іспен бізден бұрын айналысқандар әртүрлі себептермен жеңіліске ұшыраған еді. Себебі, олар бұл өзекті мәселеге дұрыс қарамаған. Егер біз қазір әрекет етпесек, келесі онжылдықта халық ретінде жойылып кетуіміз мүмкін. Біз елге қарсы сатқындармен күресеміз!

Әсет СҰЛТАНҰЛЫ, «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі:

– «Сатқындар» деген хэштегпен Instagram әлеуметтік желісінде ақпарат жариялағанымызда, көпшілік бұл не – кино ма, жоба ма, флешмоб па деп таңғалды. Бірақ, бұл ешқандай да флешмоб емес. Біз кино түсірейік деп жатқан жоқпыз. Бұл – «Дала қырандарының» елімізді есірткімен күрестегі нақты әрекеті. Біз жай ғана сөзбен емес, нақты іспен кірісіп отырмыз. Мақсатымыз – елімізде есірткінің таралуына жол бермеу. Бүгін осы науқан аясында әр өңірден жастар, негізінен спортшылар, жиналды. Олар – есірткіге қарсы алдыңғы шепте тұруға дайын жігерлі жас буын.– Өкінішке қарай, бүгінде есірткіні жасырын тарататын «закладка» тәсілі кең таралып кетті. Біз жастар арасында кең етек алған бұл рухани дертті тоқтатудың жолдарын іздеп, осындай бастаманы қолға алдық.

Бүгінде Астанада «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігі екі корпустан тұрады, әр корпусында 100 адам бар. Олар 10 адамнан шағын топтарға бөлініп, жұмыс істеп жатыр. Әр топтың өз атауы, эмблемасы бар. Бұл – өз еліне жанашырлықпен қарайтын өр рухты жастар ұжымы. Еліміздің басқа өңірлерінен де жастар бұл игі бастамаға қолдау көрсетіп, қатысып жатыр.– Біздің жастар ұйымына кіру үшін арнайы талаптар бар. Әуелі үміткер біздің кеңсеге келіп, тіркеледі. Тіркелген соң, екі кезеңнен тұратын емтихан тапсырады. Біріншісі – спорттық сынақ. Мысалы, 3000 метрге жүгіру қажет. Кемінде 4-5 деген жоғары баға алуы керек. Екінші кезеңде жазбаша емтихан тапсырады, мұнда біздің жарғыны жатқа білу қажет. Емтиханды сәтті өткендер кейін сұхбат арқылы қабылданады.

Бүгінде қатарымызға тек ұлдар ғана қабылданып отыр, алайда жақсы жаңалығымыз бар. Орал қаласында «Дала қырандарының» жаңа бөлімшесі ашылып, қыздар тобы да құрылатын болады. Орал қаласын таңдаған себебіміз – су тасқыны кезінде командамызбен бірге сол жақта үлкен жұмыстар атқардық. Бұл науқан алдағы айларда басқа қалаларға да таралады. Барлығы өз еркімен қатысады. Біз ешкімді күштеп, мәжбүрлемейміз. Басты ұстанымымыз – жастардың өз еркімен келуі, еліне, жеріне шын жанашырлық танытып, өз үлесін қосуға деген ниеті болғаны жөн.


Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, соңғы 5 жылда еліміздегі нашақорлыққа тәуелді адамдардың саны күрт өскен. Мәселен, 2018 жылы олардың саны 15 мың болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 200 мыңға жеткен. Ал тәркіленген синтетикалық есірткі көлемі 10 есеге артқан.

- «САТҚЫНДАР» науқаны – бұл бір реттік акция емес. Ол барлығымызды толығымен жойып жіберу қауіпі бар алдағы уақытта бізді күтіп тұрған апатқа қарсы жалпы халықтық науқанның бастауы. Біз ешкімге де азаматтарымыздың өмірі мен еліміздің болашағын жазасыз бұзуға жол бермейміз. Бүкіл ел болып осы зұлымдықпен күресуіміз керек. Өйткені бұл бүкіл халқымызға ортақ, - деп атап өтті ұйымдастырушылар. 



Ашылу рәсімі аяқталғаннан кейін «Дала Қырандары» жастары «Әрбір есірткі сатушысы – Қазақстанның сатқыны!» деген ұранмен бірден Астана көшелеріне барып, есірткі сатушыларға қарсы белсенді күрестің іс-қимылдарын бастады. Олар есірткі саудасымен айналысатындардың әрбірін «елдің сатқыны» деп жариялап, оларды қоғамнан біржола аластатуды мақсат етті.

Осылайша, бұл науқан Қазақстанның есірткіге қарсы күрес тарихындағы маңызды қадам ретінде есте қалмақ.   

Айта кетейік, «Дала Қырандары» – Қазақстанның қоғамын түбегейлі өзгертуге дайын белсенді әрі мақсатты жастардың басын бір жерге тоғыстыратын жастар қоғамдық бірлестігі. 

Зарина ӘШІРБЕК

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар