Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Ешқандай да хайп емес". Қазақстанға белгілі рэпер Таиландта жоғалып кетті

20:02, 20 маусым 2026

Әлеуметтік желілерде қазақстандық танымал рэпер Дархан Жұмабектің, көпшілікке Кисло-Сладкий лақап атымен белгілі өнерпаздың, Таиландта жоғалып кеткені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Alash.kz.

Алғашқы мәліметтерге сәйкес, рэпер соңғы рет Паттайя жағажайында көрінген. Осыдан кейін онымен байланыс үзілген.

Бұл ақпаратты музыкантпен бірге жұмыс істеуі тиіс режиссер Парасат Ибраев растады. Оның айтуынша, олар соңғы рет кеше кешке сөйлескен.

— Ол бүгін Пхукетке ұшып келіп, түсірілім жұмыстарына қатысуы керек еді. Қазір полицияға барып, бейнебақылау камералары арқылы іздеу жұмыстарын бастаймыз. Дархан Бангкоктан Пхукетке ұшуы тиіс болатын, — деді режиссер.

Парасат Ибраевтың сөзінше, рэпер Таиландқа досымен бірге барған. Пхукетте екі музыкалық бейнебаян түсіру жоспарланған.

— Бұл қандай да бір жарнама немесе хайп емес. Мен шынымен оны таба алмай жатырмын. Барлығы маған хабарласып жатыр, өзім де қатты алаңдай бастадым. Бүгін түсірілімді бастауы керек едік, — деді ол.

Қазіргі уақытта музыканттың нақты қайда екені белгісіз. Оқиғаның өзге мән-жайлары әзірге жарияланған жоқ.

Айта кетейік, Дархан Жұмабек 1999 жылы Алматы облысының Шелек ауылында дүниеге келген. Ол «Кисло-Сладкий & Bonah» дуэтінің мүшесі ретінде танылып, кейін жеке шығармашылық жолын бастаған. Оның орындауындағы «Пиридай» және басқа да әндер жастар арасында кеңінен танымал.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар