Украина президенті Владимир Зеленский елі үшін тиімсіз шарттар ұсынылған жағдайда бейбіт келісімнен мүлде бас тартуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол журналист Саймон Шустерге берген сұхбатында айтты. Сұхбатты The Atlantic басылымы жариялаған, деп жазды Alash.kz ұлттық порталы.
«Украинаға тиімсіз келісімді референдумға шығарудың қажеті жоқ деп есептеймін», – деді Зеленский.
Оның айтуынша, соғыс жағдайында сайлау өткізу туралы бастама Ресей тарапынан көтеріліп отыр. «Өйткені олар мені биліктен кетіруді көздейді», – деді ол.
Зеленский билікке жабысып отырған жоқ екенін айтып, сайлау өткізуге дайын екенін жеткізді. Алайда ол үшін қауіпсіздік кепілдіктері мен атысты тоқтату қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар Украина президенті АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп үшін Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатудан асқан үлкен саяси жеңіс жоқ деп санайтынын айтты. Оның пікірінше, бұл Трамптың саяси мұрасы үшін маңызды міндет болар еді.
«Трамп үшін ең тиімді жағдай – Ресей мен Украина арасында бейбіт келісімге аралық сайлауға дейін қол жеткізу. Әрине, ол адам шығынының азайғанын қалайды. Бірақ саяси тұрғыдан алғанда, бұл – оның жеңісі», – деді Зеленский.
Сұхбат барысында журналист Зеленскийдің екі кеңесшісі Украина ең ауыр ымыраға баруы мүмкін екенін айтқанын атап өтті. Олардың сөзінше, ел шығыстағы Донецк облысының бір бөлігіндегі бақылаудан бас тарту мәселесін қарастыруы ықтимал.