Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ертеңгі Үкімет отырысында Президент жаңа экономикалық модель қалыптастыру бойынша нақты тапсырмалар береді» – Ерлан Саиров

09:47, 27 қаңтар 2025 765

28 қаңтар, яғни ертең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Жиында еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы екшеліп, болашаққа бағыт-бағдары айқындалады, деп жазады Alash.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Сонымен бірге, Премьер-Министр, Ұлттық банк төрағасы және бірқатар өңірдің әкімдері баяндама жасайды деп күтілуде.

Бектенов үкіметінің жұмыс жасай бастағанына жыл толды. Алайда қоғамда үкіметтің жұмысына деген халықтың пікірі алабөтен, әсіресе, сын көп.

Осы орайда Alash.KZ тілшісі мәжіліс депутаты, саясаттанушы Ерлан Саировқа ертең өтетін үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты бірнеше сұрақ қойған еді.

Айталық, Бектенов үкіметі Тоқаев берген тапсырмалардың үддесінен шыға алды ма? Кедейшілікпен күресте, экономиканы нығайтуда, әділетті Қазақстан құруда, инвистиция тартуда, экономиканы әртараптандыруда, ауыл шаруашылығын дамытуда, шетелге заңсыз кеткен қаржыны қайтаруда Бектенов үкіметі 1 жылдың ішінде қандай жұмыстар жасады, нені орындай алмады? Спикерге осы және басқа да сұрақтарды қойдық.   

-Үкіметтің кеңейтілген отырысынан қандай жағымды жаңалық күтесіз? 

-Ең басты мәселе Қазақстанның өте үлкен бюджет дефициті бар. Биыл осы Қазақстан бюджетін қалыптастырудың жаңа бір инструменттерін табу керек. Бұл үкімет үшін ең басты міндет болып табылады. Сондықтан менің ойымша, президент үкіметке, бірінші, осы бюджеттің тепе-теңдігін қалыптастыру үшін және еліміздің экономикалық дамуының жаңа модельін қалыптастыру үшін нақты-нақты тапсырмалар береді деп ойлаймын.

-Бұл жолғы үкімет отырысында Қазақстан болашағы үшін нақты қандай жоба-жоспарлар қолға алынуы мүмкін? Сіздің ойыңызша, қандай тақырыптар Тоқаевтың төрағалығымен өтетін отырыстың салмағын көтереді?

-Президент Тоқаев «Менің ең негізгі міндетім Қазақстанның болашақтағы қалыпты, тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жаңа экономикалық модель қалыптастыру қажет» деп айтты. Ол үшін біздің экономикада ірі структуралық реформалар жасау керек. Қазақстан экономикасын дамытудың жаңа бір бағыттарымен бағдарларын, сонымен бірге экономиканың нақты сфераларын анықтау керек. Президент Қазақстанда жаңа экономикалық модельді қалыптастырудың жаңа нақты-нақты бағыттарын, сонымен бірге, елімізде қордаланып қалған экономикалық проблемаларды, оның ішінде бюджеттің дефицитін, коммуналдық шаруашылық, өндірістік қорлардың модернизациясы тәрізді мәселелер бойынша нақты-нақты тапсырмалар береді және нақты-нақты бағыттар ұсынатын болады.

-«Үкімет отставкаға кетеді» деген де алыпқашпа әңгіме айтылып жатыр. Бектенов үкіметінің отставкаға кетуіне нақты себептер бар ма? Бектенов үкіметі бұған дейін айтылған сын-ескертпелерді қай деңгейде орындады: кедейшілікпен күресте жеңді ме, қымбатшылыққа қарсы тұра алды ма? Заң үстемдік құратын Әділетті Қазақстан құрылды ма, ішкі-сыртқы инвестицияны арттыруға қауқары жетті ме?

-Үкіметтің жұмыс істеп жатқанына 1 жыл болды. Экономикада кезінде проблемалар бар болғанмен, қазір экономика жақсы жұмыс істеп тұр, тұрақты жұмыс істеп тұр деп айтуға негіз бар. Бірақ проблемалар да жоқ емес. Мысалы, 2029 жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімін екі есеге арттыру үшін жылдық өсімі 6 пайыз болу керек. Қазақстанда биыл жылдық өсім 4 пайыздан асты. Сондықтан біздің елімізде әлі шикізатқа бағытталған экономика болып табылады. «Голланд ауруына» шалдыққан, сондықтан әлі де проблемалар бар.

Үкіметте нақты-нақты міндеттерді қойып, сонымен бірге экономика саласында біраз өзгерістер болуы да ықтимал.

 -Үкіметке берілген ең үлкен тапсыра халықтың әл-ауқатын арттыру еді, алайда 2024 жылдың соңы мен 2025 жылдың басы әртүрлі штраптармен басталып жатыр, халықтың әл-ауқатын арттыру айыппұлдарды көбейту ма?

-Үкіметтің нақты жұмысына келетін болсақ, Президенттің нақты тапсырмалары бар. Мысалы, экономиканың жылдық даму мөлшері 6 пайыз болуы керек. Сонымен бірге, 2029 жылы Қазақстанның жалпы өнімін екі есе арттыру үшін 15 ірі инвестициялық жобаны іс жүзіне асыру керек. Сонымен бірге, елімізде бюджет дефициті проблемасы бар. Міне, осы нақты проблемаларды шешу бойынша әрине Президент нақты бір үкіметтің алдында міндеттер қоятыны және бір жылдың ішінде қандай жұмыс атқарылды, бұл жөнінде міндетті түрде есеп беруін талап ететіндігі анық.

(Фото: kursiv.media)

-Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы тапсырманы Бектенов үкіметі қанша пайызға орындай алды? 

-Заңсыз кеткен капиталды қайтару процессі жүріп жатыр. Қазір 2 трлн теңге қайтты. Әрине, бұл мынау халықтың ойлауы тұрғысынан, сонымен бірге экономикаға заңсыз кеткен капиталды қайтарып, қайтадан экономиканы жүргізу тұрғысынан – ол жеткіліксіз. Сондықтан менің ойымша, үкімет осы капиталды қайта құру жөніндегі нақты ұсынымды ұсынуға міндетті болатыны сөзсіз.

-Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін әлдеқандай ауыс түйістер болуы мүмкін бе? Мәселен, өз жұмысын ойдағыдай орындай алмаған әкімдер мен министрлер орынын босатуы мүмкін бе, олар кімдер болуы мүмкін?

-Кадрлік ауыс-түйіс әрқашан болады және бола береді. Одан әлдеқандай жаңалық жасаудың қажеті жоқ, енді өмір болғаннан кейін және экономикалық жүйе болғандықтан, әкімдер ауысуы ықтимал, министрлер де ауысу мүмкін. Бірақ ең негізгі мәселе ол емес. Бүгінгі таңда Қазақстанның экономикасына структуралық реформа қажет. Менің ойымша, Президент өзінің осы үкімет алдындағы сөзінде еліміздегі экономикалық структуралық реформалар жөнінде нақты-нақты тапсырма беріп және оның орындалу мерзімін нақта анықтайтын тәрізді. Өйткені биыл дүниежүзілік экономикада үлкен ауыртпаушылық болады. Президент Трамп мұнай бағасын 40 долларға дейін түсіремін деп отыр. Бұл Қазақстан экономикасына кері әсер етуі мүмкін. Міне, осындай жағдайда Қазақстан экономикасын ұстап тұратын жаңа бір тетіктер жасауы керек. Үкіметтің алдындағы ең негізгі міндет осы.

-Әңгімеңізге рақмет!

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар