Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жергілікті баспасөз құралдары елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың ұлы деп атайтын Ербол Назарбаевтың қызметтен босатылғанын хабарлады.
"Желіде тараған видеоға байланысты жемқорлыққа қарсы қызмет былай деп хабарлайды: 2022 жылғы қаңтардың 26-күні агенттік төрағасының бұйрығымен Е.Назарбаев агенттіктің арнайы департаменті жетекшісінің орынбасары қызметінен босатылды" деп жазылған Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан ақпаратта.
Бұған қоса агенттік Ербол Назарбаевтың 14 сәуірде жемқорлыққа қарсы қызмет органынан қызметтен алынғанын айтады.
Жақында әлеуметтік желілерде тараған ақпаратта 2021 жылдың аяғында полиция қызметкерлері терезесін күңгірттеп алған қымбат көлікті тоқтатқанда рөлде "Болат Назарбаевтың туысы" отырғаны айтылған еді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің үшінші департаменті жетекшісінің орынбасары қызметіне Ербол Назарбаевтың тағайындалғаны жайлы хабар 2020 жылғы қарашада тараған. Ол кезде жемқорлыққа қарсы қызмет бұл ақпаратқа байланысты ешқандай түсініктеме бермеген еді.
Биыл Қаңтар оқиғалары кезінде 81 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев елдегі ықпалды орган – Қауіпсіздік кеңесінің басшысы қызметінен кетті. Ол халыққа жасаған видеоүндеуінде өзін "қарапайым зейнеткермін" деп атаған. Назарбаевтан кейін оның жақын-туыстары да қызметінен айрылды. Бейресми ақпаратта экс-президенттің інісі Болат Назарбаевтың 6 қаңтарда қазақ-қырғыз шекарасынан өткені, кейін Қырғызстаннан Дубайға ұшып кеткені айтылады.