Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылында болған төбелес кезінде 23 жастағы жігіт оқ тиіп, қаза тапты. Қазір оқиғаға байланысты екі адам күдікке ілініп, қамауға алынған. Марқұмның туыстары істің әділ тергелуін талап етіп отыр, деп хабарлайды Alash.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға екі ай бұрын Шонжы ауылындағы дәмханалардың бірінің алдында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, таныс азаматтар арасында сөзге келіспеушілік туып, арты төбелеске ұласқан.
Марқұм Алмас Сламжановтың туыстары оның оң жақ кеуде тұсына бытыра мылтығынан оқ тигенін айтады. Жараланған жігіт ауруханаға жеткізілгенше көз жұмған.
«Енді қызығын көреміз бе дегенде кісі қолынан қаза тауып отыр. Артында кішкентай екі қызы қалды. Балам ақкөңіл еді, ешкімнің көңілін қалдырмайтын», — дейді марқұмның анасы Баян Саниязова.
Жақындарының сөзінше, Алмас спортпен айналысқан, қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер болған. Соңғы уақытта ауылдағы құс фабрикасында еңбек еткен. Оқиға болған күні де үйінен жұмысқа кеткен.
Марқұмның әкесі Бейсенбек Рахимовтың айтуынша, жанжал кезінде ер адамдардың бірі көліктен мылтық алып шығып, оқ атқан.
Алматы облыстық полиция департаменті оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қылмыс құралы тәркіленіп, сараптамаға жіберілген. Сондай-ақ қарудың қайдан алынғаны және оны сақтау заңдылығы тексеріліп жатыр.
«Жанжал барысында күдікті атыс қаруынан оқ атқан. Қылмыс құралы тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру полиция басшылығының ерекше бақылауында», — деді Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин.
Қазір іс бойынша екі адам қамауда. Тергеу жалғасып жатыр.