Жаңа оқу жылында қазақстандық мектептерде оқушылардың сырт келбетіне қойылатын талаптарға ерекше мән берілмек. Шаш бояу, тырнақ өсіру, жасанды кірпік тағу және мектеп формасына сәйкес келмейтін әшекей бұйымдарды пайдалану мәселелері білім беру ұйымдарының ішкі тәртібі аясында реттеледі, деп жазды Alash.kz.
«Информбюро» бағдарламасының хабарлауынша, талаптарды бұзған оқушыға алдымен ескерту жасалады. Егер талап сақталмаса, ата-анасы мектепке шақырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ескертуге қарамастан тәртіп бұзушылық қайталанған жағдайда мәселе білім ұйымының арнайы комиссиясында қаралуы мүмкін.
Мектеп формасына қойылатын негізгі талап – киімнің классикалық әрі ұстамды болуы. Қыздарға белдемше немесе шалбар, ал ұлдарға шалбар мен жейде кию қарастырылған.
«Тырнақ та рұқсат етілмейді, артық жылтырақ, алтын немесе тағы да әртүрлі нәрселер тағуға да болмайды. Сол мектептің бекіткен формасын киіп, мектептің қойған талаптарына сай оқушылар жүру керек», – деді Ақтау қаласы білім бөлімі басшысының орынбасары Римма Шабикова.
Сонымен қатар шаш үлгісіне де талап қойылуы мүмкін. Қыздардың шаш бояуы, тырнақты әдейі өсіруі немесе жасанды кірпік тағуы мектептің ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес шектеледі.
Бұл талаптар тек қыздарға ғана қатысты емес. Ұл оқушылар да белгіленген мектеп формасын сақтауға тиіс. Шашты шамадан тыс өсіру, мектеп формасына сәйкес келмейтін киім кию немесе әшекей бұйымдарды пайдалану да ішкі тәртіп талаптарына қайшы болуы мүмкін.
Белдемшенің нақты ұзындығы мен сырт келбетке қойылатын өзге де талаптарды әр мектеп өзінің ішкі тәртіп ережесіне сәйкес белгілейді.
Білім саласының өкілдері мұндай талаптардың негізгі мақсаты мектепте оқу процесіне қолайлы әрі тәртіпке негізделген орта қалыптастыру екенін атап отыр.