Қазақстанда күн жылына бастаған тұста тұрғын үйлердің терезесінен балалардың құлап кету деректері жиілеген. Осыған байланысты Бас прокуратура кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қараған ата-аналар мен заңды өкілдерге қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Қауіпсіздік шараларын сақтамағандар бұдан былай әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға ірі көлемде айыппұл салынатын болады.
Құзырлы органның мәліметінше, жыл басынан бері өткен үш айдың ішінде 8 мыңнан астам ата-ана бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне қатысты міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылған. Статистика көрсеткендей, жазатайым оқиғалардың басым бөлігі ересектердің қарауынсыз қалған сәттерде орын алады. Сондықтан прокуратура өкілдері әрбір отбасына сақтық шараларын күшейту қажеттігін еске салды.
Қолданылатын жаза шаралары туралы ресми хабарламада:
«Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар орындалмаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сәйкес 20 АЕК-ке дейінгі көлемде айыппұл қарастырылған. Бұл – шамамен 73 840 теңге. Балалардың өмірі мен денсаулығы үшін бірінші кезекте жауапкершілік ата-аналарға жүктеледі», – деп көрсетілген.