Қазақстандық белгілі әнші Төреғали Төреәлі үлкен қызы Кәусарды емдеп жүрген дәрігерге бір миллион теңге сыйға тартып, арнайы өлең жолдарын арнады, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесі бұл тебірентерлік сәттің бейнежазбасын өзінің Instagram парақшасында жариялады. Кадрлардан әншінің қызы ем қабылдап жатқан орталыққа арнайы барып, онда өткен мерекелік іс-шараға қатысқанын көруге болады. Шара барысында ол жиналғандарға бірнеше ән орындап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Кездесудің ең әсерлі сәті – емдеуші дәрігерге қаржылай тосынсый жасау болды. Маманның қажырлы еңбегінің арқасында кішкентай Кәусар дамуында маңызды ілгерілеушілікке қол жеткізіп, еңбектеуді үйренген. Бұл қуанышты жаңалық әртістің отбасы үшін қызын емдеу мен сауықтыру жолындағы үлкен әрі маңызды жетістікке айналды.
Ақшалай сыйлықты табыстау сәтінде Төреғали Төреәлі ақ тиынның өзін жүрекжарды арнауымен өрнектеп:
«Жанары тұрған шіркін жанып оттай,
Бөбектерді шетелге жамыратпай.
Бір күнде бұйрық келіп Жаратқаннан
Барлық бала кетсе екен шауып аттай!» – деп ақ тілегін білдірді.
Бейнежазба астында желі қолданушылары мен қазақстандықтар кішкентай Кәусарға зор денсаулық, қажымас қайрат пен тезірек толық сауығып кетуін тілеп, жылы лебіздерін жаудыруда.