Украина президенті Владимир Зеленский Украина, Еуропа одағы және АҚШ әзірлеген, Ресейдің қатысуымен талқыланған және Женева мен Флориддағы келіссөздерден кейін жаңартылған бейбіт жоспарды нақтылап жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Францияға жасаған жұмыс сапары кезінде хабарлады, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Зеленскийдің айтуынша, Киев үшін келіссөздердегі үш негізгі әрі ең күрделі бағыт бар: территориялар, қауіпсіздік кепілдіктері және қорғаныс пен соғыстан кейінгі қалпына келтіруге арналған қаржыландыру.
Дүйсенбі күні Украина басшысы Парижде Франция президенті Эммануэль Макронмен кездесті.
Баспасөз мәслихатында Зеленский өзара консультациялар алты жарым сағатқа созылғанын айтып, бейбіт жоспардың нақты нұсқасы әлі дайын емес екенін жеткізді.
«Территориялық мәселе — ең күрделісі. Қалпына келтіру мен қаржыландыруды Еуропасыз шешу қиын, себебі негізгі ресурстар - Еуропада. Бұл - әділ емес сияқты. Қауіпсіздік кепілдіктері бойынша да АҚШ пен Еуропадан нақты шешімдер керек», — деді Зеленский.