Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Елге танымал ғұлама есірткімен сотталған баласын босатуға тырысқан - Гүлмира Әбіқай сұмдық дерек айтты

07:12, 05 наурыз 2025 1844

Тележүргізуші Гүлмира Әбіқай алдыңғы апта болған келеңсіз жағдайлар мен ауыр жаңалықтар туралы жазып, естелігімен бөлісті, деп хабарлайды Alash.kz.

Ол бұл туралы өз инстаграм парақшасында жазды. 

Журналисттің жазуынша, ұл зорлау, қыз зорлау деген аты жаман дүниелердің ел басқарып, партия құрамындағы жандардың қолынан болып отырғаны ашуына тиеді. 

ШҰБАР ЖЫЛАН

2000-шы жылдардың басында елге танымал ғұлама ағамыз сот төрағасына келіп жалыныпты. Жалғыз ұлым бар, айтуға ұят, айтпасам, тіптен, құрыдым… Есірткінің құрбанына айналды. Өз баламды өзім өлтіре алмаймын, сен соттап берші деп жалбарынады.

- Әлгі ағамыз талай буынды тәрбиелеген атақты академик. Өзіміз табынып жүрген тұлғаның мұндай күйге түскенін көру маған ауыр болды. Хош, сонымен, ұлын соттадым. 6 айдан кейін ағамыз қабылдауыма қайта келді: Айналайын, баламды шығарып берші! Түсіме кіріп, кетпей жүр деп етегі жасқа толды.

- ⁠Ақсақал, оны бостандыққа шығарсам, өз Үкіміме өзім қарсы шыққаным, бұл қалай болады?

- ⁠Үндемеді. Иегі кемсеңдеді… көзінен аққан жас үстеліме тырсылдап тамды, деді экс сот төрағасы. 

Дәл сол кезде болмаса да артынан баласын шығардық. Күллі қазақты рухани тәрбиелеген аңыз адам баланың күйігіне шыдамай өмірден өтті деп аяқтады сөзін. 

“Бишімбаевтар”  бұрын да болған, әлі бар. Өткен апта сұмдық жаңалықтарға толы болғанын білесіздер. 

Жетісу облысы, Ақсу аудандық  әкімдік аппаратының жетекшісі Серікқан Ж. 7 жасар ұлды зорлады деп қамалды. Сот оны өмір бақи бас бостандығынан айырды. Ұзақ жылдар әкімдікте басшылық қызмет атқарған Серікқан әдеп комитетіне жетекшілік еткен.

Соңғы 4 жылдан бері аудандық “Аманат” партиясын басқарыпты. Зорлықпен жыныстық қатынасқа тартқан балақай өз туысы болып шықты.

Дәл осы сәттерде еліміздің екінші шетінде тағы бір атқамінердің ұлы туған қызын зорлады деп сотталды.

Әділхан С. - облысқа белгілі, беделді тұлғаның баласы. Әкесі Пішенбаев өңірлік мемлекеттік қызметтерді басқарған, тіпті, 2 ауданның әкімі болған. Облыстық мәслихат депутаты, кезінде СҚО “Нұр-Отан” партиясы мен ат спорты федерациясында із қалдырған шенді. Осындай азаматтың ұлы өзінің туған қызын зорлап, қылмысы анықталып өмір бақиға сотталды. 29 жастағы Әділхан бұған дейін 3 рет жол-көлік ережесін бұзған екен. Тіпті, мас күйде рульде отырып та әкесінің беделімен құтылып кетсе керек. 

Мың асқанға бір тосқан. Өз ессіздігімен әке-шешесін қарабет қылған таңба ешқашан кетпесі анық!

Бәріміз бала өсіріп отырған ата-анамыз, бәленің беті аулақ, мұндай сұмдықты ешкімнің басына бермесін! Ұл-қызымыз саналы, зерек, иманды ұрпақтан болғай”,- деп жазды ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар