Оңтүстік Корея полициясы елге қайту үшін билет алуға ұрлыққа түскен қазақстандық жігітті ұстады, деп жазады Alash.kz.
Оңтүстіккореялық Kyeonggi.com басылымының мәліметінше, оқиға Ансан қаласында болған. Полиция дерегіне сүйенсек, жасы шамамен жиырмадағы қазақстандық азамат мейрамхана ашылмай тұрып, жабылмаған терезеден ішке кіріп, ақша қолды еткен.
“Қаскөй кассалық сейфтен 420 мың вон (шамамен 163 мың теңге) және жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетуге арналған қайырымдылық жәшігінен 60–70 мың вон (шамамен 23–27 мың теңге) ұрлап үлгерген. Ұрлық кезінде мейрамхана иесі кіріп келіп, бейтаныс адамды байқап: “Сіз кімсіз?” деп сұраған. Сол сәтте, басылымның хабарлауынша, жігіт ақшаны да, қайырымдылық жәшігін де алып қашқан”, – деп жазады Kyeonggi.com.
Мейрамхана иесі қашқынның артынан жүгіргенімен, қуып жете алмаған. Алайда дәл сол маңнан Вонгок полиция бөлімшесінің сержанттары Ан А Рам мен Пак Гван Мин мінген патрульдік көлік өтіп бара жатқан. Мейрамхана иесі қолын сермеп, “Ұры!” деп айғайлаған соң, полицейлер бірден соңынан қуа жөнелген.
Жігіт ұрлықтан кейін он минут ішінде қолға түскен. Полиция деректері бойынша қазақстандық азамат 2024 жылы Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп барған. Құрылыс алаңдарында күнделікті жалдамалы жұмыс істеген. Соңғы уақытта жұмыссыз қалып, тіпті қоғамдық моншаларда түнеп жүрген. Ақша тапшылығынан қылмысқа барғаны айтылды.