Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Елге әкелінген құрылғылардың верификациясында жаппай ақау бар деген ақпарат жоққа шығарылды

15:35, 25 ақпан 2026

Қазақстан Республикасында мобильді құрылғыларды верификациялау процесі бірыңғай және ашық қағидаларға негізделген. Құрылғының шығарылған елі тіркеуге кедергі келтірмейді, деп хабарлайды Alash.kz.

Негізгі талап — телефонның ел аумағына заңды жолмен әкелінуі және оны растайтын тиісті құжаттардың болуы. Ресми импортталған және барлық кедендік рәсімдерден өткен құрылғылар верификациядан кедергісіз өтеді.

Керісінше, «сұр» импорт арқылы, яғни кедендік бақылаусыз және салық төлемдерінсіз келген құрылғыларды тіркеу кезінде қиындықтар туындайды. Мұндай жағдайда жүйе тауардың заңды айналымда екенін растай алмайтындықтан, өтінімді қабылдаудан бас тартады.

Жеке тұлғалар үшін верификация рәсімі толықтай тегін жүзеге асырылады. Әлеуметтік желілерде тараған 2 АЕК көлеміндегі төлем туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Коммерциялық төлем тек ірі импорттаушылар мен ресми дистрибьюторларға ғана қатысты (әр құрылғы үшін 1 АЕК). Алайда бұл төлем құрылғының автоматты түрде тіркелуіне кепілдік бермейді, себебі заңдылықты растау басты шарт болып қала береді.

Верификацияның негізгі мақсаты — құрылғыларды жаппай ақылы тіркеу емес, нарықтағы заңсыз айналымға тосқауыл қою және тұтынушылар мен адал бизнестің құқықтарын қорғау.

IMEI-кодтарды тіркеу және хабарламалардың мәні туралы түсініктеме:

Қолданушылар арасында түсінбеушілік тудырмау үшін екі түрлі процесті ажыратып алу маңызды:

1. Жаңа құрылғыны алғашқы верификациялау.

2. 2025 жылғы 25 маусымға дейін желіде болған құрылғының IMEI нөмірін растау туралы SMS хабарлама.

Егер сіз SIM-картаны ауыстырғанда немесе eSIM қосқанда SMS алсаңыз, бұл телефонның бұғатталғанын білдірмейді. Көбіне құрылғының бірінші IMEI нөмірі расталған болады, ал жүйе тек екінші IMEI нөмірін сол иесінің ИИН-іне байланыстыруды ұсынады. Бұл рәсім тегін және жеңілдетілген тәртіппен жүреді.

Жеңілдетілген тәртіптің шарттары:

— Құрылғының бірінші IMEI нөмірі бұрын тіркелген болуы;

— Екі IMEI нөмірі де бір азаматтың ИИН-іне рәсімделуі.

Егер құрылғы мүлдем жаңа болса, онда заңды түрде сатып алынғанын растайтын құжаттармен стандартты верификациядан өту қажет.

Портал арқылы верификациялау және техникалық мәселелер:

Құрылғыларды тіркеу kz-imei.kz порталы мен eGov mobile қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Өтінімнің қабылданбауына көбіне келесі себептер әсер етеді:

— Заңды импортты растайтын құжаттардың жетіспеуі;

— Өтінім толтыру кезіндегі қателіктер (IMEI нөмірінің, бренд атауының қате жазылуы немесе деректердің дәлсіздігі).

Сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар мен кәсіпкерлерге арналған арнайы тегін call-орталық және техникалық қолдау қызметі жұмыс істейді.

Тұтынушыларға арналған ұсыныстар:

Телефон сатып алар алдында келесі әрекеттерді орындау ұсынылады:

1. *#06# пәрмені арқылы IMEI нөмірін анықтау;

2. Қораптағы, құрылғы баптауларындағы және экрандағы IMEI нөмірлерінің сәйкестігін тексеру;

3. eGov Mobile немесе kz-imei.kz порталдары арқылы құрылғының верификация мәртебесін анықтау.

Құрылғыны ресми сауда нүктелерінен сатып алу — верификация кезіндегі қиындықтар мен күтпеген шығындардан қорғанудың ең сенімді жолы. Бейресми сатушылардан тауар алған жағдайда барлық тәуекелдерді сатып алушы өз мойнына алады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар