“Отбасы хрестоматиясы” жобасының авторы, жазушы Санжар Керімбай әлеуметтік желідегі парақшасында бала тәрбиесіне қатысты өте маңызды дерек айтты, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Ол өз жазбасында қазіргі таңда ауру балалардың көп екендігін, балабақша мен мектепте әр топта диагнозы бар бүлдіршіндердің барын айтып, қынжылды. Бұның себебін де айтты.
Көп ата-ана бала шырылдап дүниеге келген сәттен бастап, өзара сөйлеспейтінін, ертегі оқып, әлди айтпайтынын айтып ашуланды.
Елді ауру бала басып кетті. Санасында сырқаты бар сәбилер балабақша мен мектеп атаулыны басып қалды. Сабақ өту мүмкін емес. Сау деп әкелген баласының өзі сөзді не дұрыс ұқпайды, не айтқаныңды дұрыс қайталай алмайды деп зар илеп жүр мұғалім атаулы. Бәлкім кей сырқаттың біз білмейтін қандай да бір биологиялық себебі бар да шығар. Бірақ біз білетін психологиялық себебі анық бар!
Сәбиді туа сала рухани байытып, қазақы әуенді құлағының құрышына қандыру керегін айтты.
Ол — сәбимен сөйлеспеу. Оның құлағына әлди әуенін құймау, бесік жырын түпсанасына сіңірмеу. Өнер алды қызыл тілге бөпені туа сала баулымау. Қуырмаш пен санамақты шақалақ кезінен үйретпеу. Тақпақ жаттауға бөпе кезінен бейімдемеу. Қысқасы “миы жоқ мақау бөпе не түсінуші еді” деген қараңғы түсінікпен бала туып асырау қылмысқа жатады. Надан әйел сап-сау баланы қолдан ауру қып өсіреді. Әлди естімеген, бесік жырын тыңдамаған, тұп-тұнық ана дауысын миына сіңірмеген бөпе мешеу боп қалыптасады. Сосын оның ауыр азабын мұғалімдер тартады. Бұдан да өткен қараңғы, надан, сауатсыз, еріншек аналар бөпеге смартфон қосып береді. Бұл енді баланың бақытты боп өсуіне шанс жоқ деген сөз. Енді ғана қалыптасып, су жаңа мидың ішінде түзіліп жатқан нейрондар жүйесі ойран ботқа болады деген әңгіме.
Сондай-ақ қазіргі ата-аналарға баланы сау қып өсірудің жалғыз амалы барын баяндады.
Баланы сап-сау қып өсіріп, оған бақытты тағдыр сыйлаудың бір ғана жолы бар. Онымен туа сала үлкен адамша сөйлесу. Басқа жолы жоқ.
Мына видеодағы келіншекті танымаймын, атын да білмеймін, өмірімде көрмегем. Бірақ оның бөпесімен мына отырысы бүкіл әлем әйелдеріне алтын үлгі! Қоғамға дені сау, ақыл есі бүтін, пайым-парасаты түзу, ар-ұяты мығым адал адам сыйлағысы келсе мына ақылды келіншек құсап шақалағымен дәл осылай сөйлессін. Құлағына әлди, жыр, күй, санамақ, қуырмаш, тақпақ, ертегіні құя берсін, құя берсін, құя берсін!
Әлеуметтік желідегі түрлі арандаған алдаушы күштерге сенбеуге шақырды.
“Баланы күштии қып өсірудің сырын білем” деп лаға беретін өңшең өтірікші психологтарды ақша төлеп тыңдағанша мына жас ана не істеп отыр, соны айна қатесіз қайталап кете беру керек қой есі дұрыс әйел. Бұдан басқа адамды салауатты қып өсіретін бір әдіс бар деп кім айтса да оның сөзіне өлсем де сенбеппін де. Ауру бала асырап баққың келмей ме, онда осы әдіске тісіңмен жабыс. Ортасын тістеп, екі жағын ұстап қатып қал. Өскесін сол балаңның рақатын өлгенше көрмесең маған кел”,- деп жазды ол.