13 қаңтарда Қазақстан парламентінің қос палатасы "Тұңғыш президент – Елбасы" заңының күшін жою мәселесін қарау үшін жиналады. "Азаттық радиосы" жазғандай, депутаттар Назарбаевтың президенттігі кезінде қабылданып, сарапшылар тарапынан жеке басқа табынуға жол ашқан деп сыналған заңның күшін жоятын құжатты рәсімдемек.
"Елбасы заңында" Назарбаевқа көп артықшылықтар беріліп, құжатта ол "жаңа тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы", "бірліктің, Конституцияны, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаушы" деп көрсетілген.
Конституциялық құқық бойынша заңгер Акиф Сүлейменов "Елбасы туралы" заң жойылса да, Назарбаев қолсұқпаушылық статусын сақтап қалатынын айтады. Экс-президенттің статусы Конституцияда және "Президент туралы" заңда жазылған. Мәселен, "Президент туралы" заңның 36-бабында елдің экс-басшысы президент кезіндегі істері үшін жауап бермейтіні, тек мемлекетке сатқындық жасаса жауап беретіні жазылған.
Сүлейменов Қазақстанда экс-басшы мемлекетке сатқындық жасаса да, жауапқа тарту қиын деп санайды.
— Мемлекеттік сатқындық түсінік бойынша мемлекеттік құпияларды беру, мемлекет мүддені сату дегенді білдіреді. Ал Қазақстанда президент әскери жағдай кезінде екінші тарапқа өтіп кетуі мемлекеттік сатқындық деп саналады. Бізде мемлекетке сатқындық жасау ісін қозғаудың процедурасы қиын. Мәжіліс депутаттарының үштен бірі бұл мәселені көтеруі керек, ал сенат тергеуді ұйымдастыру тиіс. Одан соң Конституциялық сот қорытынды жасап, Жоғарғы сот негіздеме беруі керек, — дейді заңгер.
Акиф Сүлейменов президентке мұндай деңгейде қолсұқпаушылық статусын берген заң басқа елдерде жоғын айтады.
— Тіпті ТМД елдерінің заңдарында президент ауыр қылмыс жасаса, жауапқа тартылатыны жазылған. Бұған зорлық-зомбылық, адам өлтіру де кіреді. Осының өзі жеткілікті. Кейбір дамыған елдерде президентті тәртіптік жауапкершілікке тартуға болады. Ал бізде тек мемлекетке сатқындық жасау бойынша қылмыстық жауапкершілік бар, — дейді ол.
Сүлейменов "Назарбаевқа берілген артықшылықтар мен оларға материалдық жағдай жасау сақталады" деп жалғады сөзін.
— Оны "қарапайым зейнеткер" деп атау қиын. "Президент туралы" заңда экс-президентке мемлекет есебінен қызмет көрсету және күзет беру қарастырылған. Оған өмір бойына қазіргі президент алатын жалақының 80 пайызы көлемінде зейнетақы тағайындалады. Президенттің жалақысы өссе, экс-президенттің зейнетақысы да артады. Елдің бұрынғы президентіне мемлекет пәтер мен мемлекеттік саяжай, жеке күзет, жүргізушісі бар көлік, тегін емделуге және курортқа баруға мүмкіндік береді. Жеке кітапханасы мен жеке архиві экс-президенттің меншігі болып қалады. Ол табысы жайлы декларация тапсыруға да міндетті емес, сондықтан оның қаржысының ашықтығын тексеру мүмкін емес, — дейді заңгер.
"Елбасы туралы" заңның күші жойылған соң Назарбаев мемлекеттік органдарға мемлекет құрылымы, ішкі және сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша ұсыныстар жасау, парламент пен үкімет алдында сөйлеу құқығынан айырылады. Бірақ "Президент туралы" заңға сәйкес, бұрынғы президент парламент палаталарының бірлескен отырысына, салтанатты шараларға қатыса алады.
"Елбасы туралы" заң жойылардың алдында депутаттар Назарбаевты "құрметті сенатор" мәртебесінен айырды. Бұл мәртебе оған президент қызметінен кеткеннен кейін берілген еді.
Назарбаевтың ересек қыздары мен немерелерін оның отбасына жатқызуға бола ма? Заңда бұл сұраққа нақты жауап берілмеген.
Қазақстанда Назарбаевтың туыстары бай тұратыны құпия емес. Олар ірі банк, пайдалы қазба өндіруші компаниялар, девелоперлік және сауда кәсіпорындарын басқарады. Ел ішіндегі және шетелдегі қымбат мүліктерге иелік етеді. Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың кей туыстары қызметінен кетті. Бұрынғы президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды мен оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды, Назарбаевтың бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев ақша жымқырды деген айыппен қамауға алынды.
Заң жойылғаннан кейін Назарбаев отбасының басқа мүшелері де жауапқа тартыла ма? Акиф Сүлейменов теориялық тұрғыдан алғанда, Назарбаевпен бірге тұратын туыстары қылмыстық қудалауға ұшырауы мүмкін деп топшылайды.
"Бірінші президент — Елбасы туралы" заңға сәйкес, бірінші президент қоры мен Назарбаев құрылтайшысы болған басқа да ұйымдардың мүлкіне қол сұғылмауы керек.
Былтыр Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Назарбаевтың өзіне қарасты төрт қайырымдылық қоры арқылы сегіз миллиард долларға жуық активтерді пайдаланып отырғанын анықтады. Бұрынғы президент бұл активтерге тікелей иелік етпейді. Активтер қатарында банктер, қонақ үйлер, телеарналар, сауда орталықтары мен 100 миллион доллар болатын авиалайнер бар. Зерттеушілер дерегінше, Назарбаев активтерді бақылап, шешім қабылдаумен айналысады.
— Заңның күші жойылғаннан кейін аталған қорлардың есебін тексеру керек. Бірақ бұрынғы президент заңға қайшы әрекет жасаса да, оны "мемлекетке сатқындық" бабынан басқа бап бойынша жауапқа тартуға болмайды, — дейді Акиф Сүлейменов.