Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ел шошитындай жаңалық»: Бағлан Әбдірайымов өзі туралы желіде тараған ақпаратқа жауап берді (ВИДЕО)

12:18, 20 қазан 2026

«Жігіттер» тобының танымал әншісі Бағлан Әбдірайымов әлеуметтік желіде өзінің қаза болғаны туралы тарап кеткен суыт хабарға байланысты оқырмандарына арнайы видеоүндеу арнап, жағдайдың анық-қанығын түсіндірді, деп хабарлайды Alash.kz.

Көпшілікті дүрліктірген бұл жайт топ мүшесі Ердос Қанаевтың өмірден өткен Бағлан есімді жақын досына қаралы жазба арнауынан басталған еді. Желі қолданушылары марқұмның атын топтағы әнші Бағлан Әбдірайымовпен шатастырып, қайғылы хабар лезде тарап кеткен. Дәл осы уақытта өз туған күнін атап өтіп жатқан өнер иесі аман-есен екенін жеткізіп, оқырмандарының ыстық ықыласына алғыс айтты. Ол өзіне қатысты тараған қауесетті жоққа шығарып, алдағы жоспарларымен төмендегі төл сөзі арқылы бөлісті:

«Туған күнге әдемі тілек айттыңыздар. Үлкен рақмет. Туған күннің құрметіне кішігірім көкпар өткіздік. Ол да керемет өтті. Құран оқыттық, бата алдық. Азаматтарды атқа мінгіздік. Бала-шағаммен шәй іштік. Енді жұмысқа кірісейік деп жатсақ, мынадай хабарлама келіп жатыр. Таныстарым хабарласты. Кәдімгідей ел шошитындай, адам шошитындай осындай жаңалық бола ма? Құдайға шүкір, тірімін. Қаншама әндерім бар. Дайындап отырған үш хит әндерім бар. Енді қызық болады», – деді әнші.

Осылайша, туған күнін дүркіретіп өткізіп, көкпар беріп, отбасымен атап өткен өнер иесі амандығын айтып, тыңдармандарын жақын арада жаңа үш бірдей хит әнімен қуантатынын жеткізді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар