Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Екінші үйімде жүргендей сезіндім" - Жүрсін Ерманның құдасы, ДДСҰ басшысы желіде жазба жариялады (ВИДЕО)

18:18, 24 сәуір 2026

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Instagram желісінде Қазақстанда туыстарымен бірге қазақ тілінде ән айтып отырған сәттен бейнежазба жариялады, деп жазады Alash.KZ

Бейнежазбада ДДСҰ басшысы қазақ құдаларымен бірге ән шырқап отырғаны көрінеді. Жазба сипаттамасында ол жылы қабылдау мен әсерлі кеш үшін алғыс білдірген.

«Құдағи Ардақ пен құда Дәулетке ерекше кеш үшін ризашылығымды білдіремін. Уақытымыз өте көңілді әрі мазмұнды өтті. Бір шаңырақ астында күлкі, махаббат және жүректен шыққан әндер үндесті. Сондай-ақ маған үш тамаша немере сыйлағандарыңыз үшін алғыс айтамын – олар менің ең үлкен байлығым. Өзімді екінші үйімде жүргендей сезіндім. Отбасы – жүрек ән салатын мекен, бүгін менің жүрегім шаттыққа толы», – деп жазды ол.

Белгілі болғандай, Тедрос Адханом Гебрейесус қазақ отбасымен құдандалы. Айтыскер Жүрсін Ерманның немересі оның ұлына тұрмысқа шыққан. Бұған дейін де ол Жүрсін Ерманды қазақ тілінде құттықтап, көпшіліктің назарын аударған еді.

Қазіргі таңда ДДСҰ басшысы Астана қаласында жұмыс сапарымен жүр. Ол өңірлік экологиялық саммитке қатысуда. Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу өтіп, бірлескен жобалар талқыланды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар