Шымкентте мектеп оқушысы қолынан аяусыздықпен қаза болған Диана Оңғарбаеваның анасы журналист Руслан Өтепбайға сұхбат берді, деп жазады Alash.kz.
Марқұмның анасы Қарлығаш Оңғарбаева 25 жерден пышақтаған 16 жасар оқушының жеңіл жазаға тартылғанын, сотың әділетсіз өткенін айтты.
25 рет пышақ сұққан. Мәйітте зорлық белгілері бар. Бірақ, бәрін жоққа шығарып отыр. Өйткені, істе шикілік бар. Прокурор да, сот та, баланың адвокаты да баланың сөзін сөйлейді. Ақша алып қойған. Ертең олар кепіл бере ме?! 24 жасында шығады. Қайтадан ол нәрсені істемейтініне кепіл бере ме? 18-ге толмаған деп, кешірім бере бере ме?! Заң қайда кетті?!
Екі баланың анасын үй тазалауға шақыртып, жантүршілерлік жағдайда азаптап өлтірген оқушы қылмысты бөгде адамның үйінде жасаған.
Баланың үйі емес ол. Біреудің үйінде жалданып, үш күн жұмыс істеген. Үйдің сыртқы жөндеу жұмыстарын жасаған.
Қызы жоғалған күннен бастап дабыл қаққан отбасының шағымын құзырлы органдар қабылдамай, іздеу жұмыстарын кешіктіргенін де ашына айтты:
“Ол жаққа бардық. Камера жоқ” деді. Біз барып қарадық. Камера бар екен. Сонда, 10 күн бойы іздемеген ғой. Қаратау ауданы ішкі істер бөлімінің бастығының өзі “қызыңызды екі күнде тауып беремін, уәде беремін” деді. Екі күннен кейін өлігі табылды.
Полиция іздеген жоқ. Іздесе, бұлай болмайтын ба еді?! Құрттап, түрі көрінбейтіндей денесі бұзылмайтын еді.
Қанды оқиға туралы Қарлығаш ана былай деді.
Мәйітті бала жұмыс істеген жерге жақын аумаққа апарып тастаған. Оны бір кісі тауып алған. Қапқа салған, скотчтап, қара пакетке ораған.
Тек киімін ғана ұқсаттым… Түрін мүлде тани алмайсың. Екі көзі кіріп, ағып кеткен. Басы жабысып қалған. Кеңірдегін кесіп тастаған. Желке жағына, бүйрек, қолына, аяғына пышақ тыққан. Бірақ, көп нәрсені жасырды.