Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің - Ғұмар Қараш

21:40, 01 сәуір 2024 691

Бір халықтың өз тілінде білім-өнері болмаса, ол халықтың тілі бұзылып өзгереді һәм көршілес күшті халықтың тілімен әсірелеп, ... соған қол болады, оның ішінде жаңалықтар көбейеді. Ол кішкене ұлттарды жаңартып, жандандырылмаған ескі тілі өзінің барлық маңызын жояды һәм жылдам ұмытылады. Мұның мысалын тарих бетінде бек көп ұшыратамыз, бұрын да бірнеше халықтар болған, қазір біз олардың бірін де көре алмаймыз, һәм олар жоқ. Міне бұлар - сол тілдері жойылып кеткендер.

Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Яғни ол ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады.

Патшалық заманында көп ұлттар осындай халдерге душар болды. Мінекей, залым патша үкіметі қолында айырма уақ ұлттар осылайша ойыншық болып жүрді. Ұлы өзгерістердің қуатты күшімен патша үкіметінің негізсіз ұясы быт-шыт болып таралды. Ол өзгеріс бізге сөз бен дінге үлкен бостандық берді. Һәм бүтін ұлттарға бірдей құрдастық, тегістік жолын ашты. Міне, қазір бізге айнала кеңшілік, қай жағымызда да тоқталыс беретін кедергі жоқ. Ұлтымыздың білім, өнерін, әсіресе, ана тілімізді қалайша һәм өсірсек те жолымыш ашық.

Өнер, әдебиетімізді көркейту,шаруашылық жағымызды ілгері бастыруға еріктіміз. Осы айтылған мақсаттарды жарыққа шығарнанның соңында бізде де күшті ұлттармен қатар, ұлы өзгерістің үстімізге жүктеткен зор міндеттерін атқарған боламыз.

Жалпы өнер-білімнің ішіне ана тілі болуы да кіреді һәм мұның керісінше ана тілі болудан ұлттың білім-өнері табылады. Ана тілін білмей тұрып, ешбір білім-өнерді таратуға мүмкін емес. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді.

Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз.

Ғұмар Қараш

«Ұлт һәм туған тіл» (патшалық һәм бостандық заманында) мақаласынан үзінді

Дереккөз:"Алаш көсемсөзі: Тіл мәселесі" 2-том

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар