Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Дұшпан екенсіңдер": Атырауда жоғалып кеткен жігіттің хаты көрсетілді (ВИДЕО)

18:40, 18 қаңтар 2026

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында із-түзсіз кеткен Наурыз Мұқанғалиев пен Мирамгүл әлі күнге дейін табылған жоқ. Олар марқұм ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен жұбайының балалары, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы  kznews.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін «Qazaq AIRAN» редакциясының тілшілері өңірге барып, марқұмның жақындарымен сөйлескен. Мақсот Қарабалиннің туған қарындасы Әдемі Шылмағамбетованың айтуынша, 27 желтоқсан күні Наурыздың телефон нөмірінен туыстарына хат келген. Хатта ол туған-туыстарының әрекетіне реніш білдірген.

Онда:
«Арыз жазып, неге дүрліктіріп жатырсыздар? Өзімізде мәселе аздай. Пайдаларың тимесе де, зиян келтірмеңіздер. Босқа көмектесе алмайсыздар, мысқылдап күлесіздер. Өз ата-анама өзім жауап берем. Үйленіп алдым. Тыныш өмір сүргізбедіңіздер. Банктен бір іздейді, полиция бір іздейді. Дұшпан екенсіңдер» — деген сөздер жазылған.

Марқұмның інісі Шалқар Мұқанғалиев те бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, Наурыз ешқашан ата-анасына немесе айналасына зиян келтіретін адам болмаған.

«Наурызбен бала кезден бірге өстік. Ол ауылға сыйлы, тыныш мінезді еді. Әке-шешесіне қол көтеретін адам емес. Ауылдастарынан сұрасаңыз да, ол туралы жаман сөз естімейсіз. Үйдің жалғыз баласы. Қарызға батып, біреудің ала жібін аттаған емес. Өз-өзімен жүрген, жүрегі таза жан болатын», — деді ол.

Қазіргі уақытта Наурыз Мұқанғалиев пен Мирамгүлдің қайда екені белгісіз. Туыстары олардың аман-есен табылуынан үмітін үзген жоқ. Құзырлы органдар іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр, алайда әзірге ресми нәтиже жарияланған жоқ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар