Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Дубайда бірнеше пәтер бар»: Қаржы мониторингі агенттігі Перизат Қайраттың ісі бойынша мәлімдеме жасады

16:33, 12 қазан 2026

Қаржылық мониторинг агенттігі анонимді Telegram арналарында тараған ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме беріп, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп сотталған Перизат Қайраттың Дубайдағы туыстарының мүлкіне жүргізілген тексеріс нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.

Бұған дейін желіде сотталған азаматшаның туыстарына БАӘ-нің Дубай қаласында бірнеше жылжымайтын мүлік тиесілі екені туралы қаңқу сөз тараған еді. Құқық қорғау органдары бұл пәтерлердің Перизат Қайрат заңсыз жымқырған қаржыға сатып алынуы мүмкін деген болжамды мұқият тексергенімен, ақпарат расталмады.

Тергеу амалдары барысында заңсыз ақшаның қозғалыс тізбегі толық сарапталып, жымқырылған қаражаттың нақты қайда жұмсалғаны анықталды. ҚМА өкілдері:

«П. Қайрат қайырымдылыққа жиналған ақшаны иемденіп, оны автокөліктер мен пәтерлер сатып алуға, пәтерлерді жөндеуге және жиһазбен жабдықтауға, қымбат брендтердің киім-кешегі мен әшекей бұйымдарына, бизнес-класпен ұшуға, сәнді қонақүйлерде тұруға, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарына жұмсаған», — деп хабарлады.

Тексеру нәтижесінде Перизат Қайраттың А. есімді туысының отбасымен арада ешқандай қаржылық аударымдар болмағаны дәлелденді. Сондай-ақ, шетелдегі пәтерлер 2011–2019 жылдар аралығында, яғни «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры құрылмай тұрып және күдіктінің қылмыстық әрекеттері басталғанға дейін алынғаны белгілі болды. Белгілі болғандай, А. ерлі-зайыптылары 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлік саудасымен айналысады, сонымен қатар П. Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрып, жеке кәсібін дербес жүргізген.

Агенттік заң талаптарын да еске салып өтті. ҚМА өкілдері өз мәлімдемесінде:

«Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабына сәйкес, мүліктің қылмыстық жолмен алынғанын растайтын дәлелдер болған жағдайда ғана оны бұғаттауға және тәркілеуге жол беріледі. Күдіктілермен туыстық байланысы бар деген себептің өзі адамды қылмыстық жауапқа тартуға және мүлкін тәркілеуге заңды негіз бола алмайды», — деп түйіндеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар