Дубай қаласындағы Дубай халықаралық әуежайы (DXB) дронмен жасалған ықтимал шабуыл туралы ақпаратқа байланысты уақытша жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Аlash.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда әуежай аумағына құлаған ұшқышсыз ұшу аппараты жарылып, қою түтін шыққаны көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, дрон ұшақтардың біріне соғылған болуы мүмкін.
Дубай үкіметінің медиа кеңсесі жолаушылардың, әуежай қызметкерлерінің және әуе компаниялары экипаждарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әуежай жұмысы уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді. Қазір барлық шаралар қауіпсіздік хаттамаларына сәйкес жүргізіліп жатыр.
БАҚ мәліметінше, әуежай жұмысының тоқтауы әр минут сайын шамамен 1 миллион доллар көлемінде шығын әкелуі мүмкін.
Айта кетейік, 1 наурыз күні де Дубай халықаралық әуежайына дронмен шабуыл жасалған. Сол кезде төрт адам жарақат алған.
Сонымен қатар, Тегеран қаласындағы Мехрабад халықаралық әуежайы аумағында Израиль мен АҚШ әуе соққыларынан кейін өрт шыққаны туралы ақпарат тарады. Оқиға салдарының видеолары әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарияланып жатыр.