Каспийдегі трагедиядан аман қалған сарбаз Ақжол Темірханның анасы Самал Кеуелова әлеуметтік желіде жүрек тебірентерлік жазба жариялап, ұлының басынан өткен ауыр сәттер мен жұмбақ жағдай туралы айтып берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Анасының айтуынша, ауруханада жатқан кезінде ол ұлынан сол бір сұмдық түні не болғанын сұрап білген. Ақжол ең қиын сәтте оған Бекет есімді әскери досы көмектесіп, жігер бергенін айтқан. Сарбаздың сөзіне қарағанда, оған төтенше жағдай кезінде айқайлап демеу көрсеткен дауыс үлкен күш сыйлаған. Бұл туралы анасы өз естелігінде былай деп жазады:
«Ақжолдың айтуынша, ең қиын сәтте оған Бекет көмектесіп, жігер берген.
«Ақжол, Досым, шыдашы, құрттай ғана қалды!» деп айқайлаған дауысы оған күш берген екен», — деп еске алады Самал Кеуелова.
Осы оқиғадан кейін түнде ұйықтап жатқан баласына қарап көз жасын тыя алмаған ана Аллаға шексіз шүкіршілік етіп, баласының амандығына мың мәрте тәубе еткен. Егер балалар ауылдарына кетіп қалып, Бекетті көрмей қалса, Атырауға арнайы барып, оны құшақтап, алғыс айтуды іштей шешкен. Алайда ертесіне Бекет пен Никитаның да ауруханаға жатқызылғанын естідім деген ана дәрігерлерге жүгіріп, балалар бір-бірін көріп, бірге тамақтанып, сағыныштарын бассын деген ниетпен арнайы дастарқан дайындаған.
Алайда сол күндері ананың назарын бір ерекше жайт аударған. Ақжол мен Бекеттің бір-бірімен сөйлескенде өзара ешқашан «Досым» демейтіні белгілі болыпты. Оның себебін сұраған кезде Ақжолдың берген жауабы анасын есеңгіретіп жіберген. Мәселен, Бекет апат кезінде Ақжолды тіпті көрмеген болып шықты. Бірақ Ақжол құлағында қалған дауысты өте анық естіген.
Осы жұмбақ жайтқа қатысты ана келесі сөздерді жазды:
«Құлағында қалған сөз — «Ақжол, Досым, шыдашы!»
Осыны естіген сәтте ойыма бірден Азамат түсті… Өйткені Азамат Ақжолға үнемі «Досым» деп сөйлейтін еді ғой», — деп түйіндеді сөзін Самал Кеуелова.