Франция президенті Эммануэль Макрон әлемдік саясаттағы қазіргі ахуалға қатысты алаңдаушылық білдірді, деп жазды Alash.KZ.
Оның айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп, Ресей басшысы Владимир Путин және Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің ұстанымы Еуропаға қарсы бағытталған.
«Бұл – ерекше кезең. АҚШ, Ресей және Қытай басшыларының бәрі еуропалықтарға қарсы қатаң ұстанымда отыр. Сондықтан біз үшін оянып, нақты әрекет ететін уақыт келді», – деді Макрон Афинадағы сөзінде.
Ол сондай-ақ АҚШ тарапынан болатын қысым Трамптың қызмет мерзімімен ғана шектелмейтінін атап өтті. Макронның пікірінше, бұл – уақытша құбылыс емес, тарихи үрдіс.
Франция президенті бұған дейін еуропалық елдер Трамптың алғашқы мерзімін «күтіп өткіземіз» деген үмітте болғанын, алайда қазір жағдайға көзқарас өзгергенін айтты.
Оның сөзінше, Еуропа елдері енді бірлесіп әрекет етіп, өз мүддесін қорғауға басымдық беруі тиіс.