Бүгін Алматы қаласында белгілі актер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін Armour of God: Ultimatum («Доспехи бога: Ультиматум») халықаралық көркем фильмінің өндірісін ресми түрде бастау рәсімі өтті, деп жазады Alash.kz.

Үкімет басшысының орынбасары Джеки Чанның Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосып отырған үлесін жоғары бағалады.

«Қазақстан мәдениетін әлемдік аренада танытуға және екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қосып отырған үлесіңіз үшін Сізге алғыс білдіремін. Алдағы түсірілім жұмыстарына сәттілік, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін», – деді Аида Балаева.

Кездесу барысында Джеки Чан Алматының талантты жас суретшілерімен және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері – жас кинематографистермен әңгімелесті.
Ол жастарға шығармашылық жолда табыс тілеп, үздіксіз ізденіс пен өз ісіне деген сүйіспеншіліктің маңызын атап өтті. Кездесу соңында балалар әйгілі актерге өздері салған портреттерді тарту етті.