Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық деректері бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.KZ.
Оның айтуынша, Алматыдағы оқиға бойынша қылмыстық іс 2025 жылдың желтоқсанында өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын көздейтін баппен сотқа жолданған.
"Сотта іс қайта сараланғандықтан, біз прокуратураға жүгіндік. Қазір ІІМ-мен, анасы және Ләззат Рақышева тарапымен тұрақты байланыстамыз. Қыз бала қауіпсіз жерде - арнайы мекемеде. Психологиялық қолдау орталығы анасы мен қызын шақырып, олармен жұмыс жүргізіп жатыр", - деді ол.
Айта кетейік, бұл іс ВИЧ жұқтырғаны айтылған ер адамның 13 жастағы қызға жыныстық зорлық көрсетті деген күдікке байланысты қозғалған.
Ал Батыс Қазақстан облысындағы жағдайға тоқталған уәкіл өңірлік өкіл қыздың әкесімен байланыста екенін жеткізді. Отбасы психологиялық көмектен бас тартқанымен, уәкіл тарапынан жеке жұмыс жүргізілмек.
"БҚО бойынша өңірлік уәкіл қыздың әкесімен байланыста. Олар психологиялық көмектен бас тартты. Соған қарамастан, өңірлік уәкіл тарапынан жеке жұмыс жүргізіледі. Қазір тергеу жүріп жатыр", - деді ол.
Бұл іс бастапқыда шенеунікке қатысты айып тағылған оқиғаға байланысты болған. Кейін жәбірленуші тарап талап-арыздан бас тартқаны белгілі болды.
Қостанай облысындағы жағдай бойынша уәкіл аппараты істі қайта жандандыру туралы прокуратураға ресми өтініш жолдаған. Адвокатқа да тиісті ақпарат берілген.
Динара Закиева мұндай істердің әрқайсысы уәкілдің бақылауында екенін атап өтті.