Қазақстан заңгерлері одағы Конституцияда діннің мемлекеттен бөлектігін нақты әрі тікелей норма ретінде бекіту қажет деген ұсыныс айтты. Бұл туралы Қазақстан заңгерлері одағының төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Серік Ақылбай Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында мәлімдеді, деп жазды Alash.kz.
Оның айтуынша, қолданыстағы Атазаңда зайырлылық қағидаты бар болғанымен, діннің мемлекеттен бөлінетіні ашық әрі айқын түрде тұжырымдалмаған. Серік Ақылбай бұл мәселенің конституциялық құқық тұрғысынан түбегейлі маңызға ие екенін атап өтті.
Заңгердің пікірінше, мемлекеттің зайырлы сипаты құқық қолдану практикасы мен саяси жағдайға байланысты әртүрлі түсіндіріліп кетуі мүмкін. Ал діннің мемлекеттен бөліну қағидатын нақты бекіту діни бірлестіктердің мемлекеттік билік органдарының қызметіне араласу шегін, сондай-ақ мемлекеттің діни салаға ықпал ету шекарасын айқындауға мүмкіндік береді.
Серік Ақылбайдың сөзінше, мұндай айқын шектеулер мемлекеттің бейтараптығын қамтамасыз етіп, оны белгілі бір дінмен немесе конфессиямен теңестіруге жол бермейді. Сонымен қатар бұл әртүрлі дінді ұстанатын азаматтар мен ешқандай дінді ұстанбайтын адамдарға бірдей көзқарас қалыптастыруға негіз болады.
Ол діннің мемлекеттен бөліну қағидаты ар-ождан бостандығын шектемейтінін, керісінше, оның құқықтық кепілі саналатынын атап өтті.