Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Мексикадағы жанкүйерлері оның алдағы концерттеріне орай ерекше бастама көтерді. Мехико көшелерінде өнер иесінің суреттерімен безендірілген арнайы автобус қатынай бастады, деп жазады Alash.kz
Көлік Мексика астанасының көрікті әрі халық көп жүретін орындары арқылы өтеді. Оның бағытына Пасео-де-ла-Реформа даңғылы, Периферико айналма жолының солтүстік бөлігі, Ұлттық аудиториум маңы, Глориета-де-Петролеос пен Чапультепек аудандары кірген.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Димаштың бейнесі бейнеленген автобус қала көшелерінде бір айға жуық уақыт бойы қатынап, жергілікті тұрғындар мен туристердің назарын аудармақ. Бұл бастама әншінің шығармашылығын кеңінен танытып, алдағы концерттері туралы ақпарат таратуға бағытталған.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген өзінің «DIMENSIONS» әлемдік турнесі аясында 19 және 20 қарашада Мехико қаласында жеке концерттерін өткізеді. Қазақстандық өнер иесінің мексикалық жанкүйерлері осы бастама арқылы сүйікті әншісіне қолдау білдіріп, концерт алдындағы ерекше атмосфера қалыптастыруды көздеп отыр.