Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Дикий Арманның адамдарынан қорлық көрген тағы бір азамат жанайқайын айтты

11:42, 23 қыркүйек 2024 1696
Қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев - Дикий Арманның ұйымдасқан қылмыстық тобынан қорлық көрген қазақстандық азамат оқиғасын бөлісті, - деп хабарлайды Alash.KZ Dalanews.kz сайтына сілтеп. 

Бұл туралы ол "Жүйе" YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты. Жеке қауіпсіздігін сақтау мақсатында құпия әңгімелескен жігіт оқиға 2 жыл бұрын басталғанын айтады.

"Досым екеуіміз көлік сатып, тірлік істеп жүрдік. Бір күні қылмыстық топтың бір мүшесі келіп, сатылмай тұрған  үйін бізге сатқысы келді. Бірақ ол кезде бізде ақша болмады. Бізде 2-3 көлік болды, алайда ол көлік ретінде алмайтынын, тек қолма-қол ақша беруімізді талап етті", - дейді құпия азамат. 

Ол қоқан-лоқы көрсеткен жігіттің атын да айтты. Осылайша "Дикий Арманның" адамы - Арман Сартаев үйін 42 миллион теңгеге сатып алуды талап еткен. Алайда олар мұндай ақша жоқ екенін айтқанда "көліктеріңді сатып, үйдің ақшасын кейін бересіңдер" деген. 

"Біз "жоқ" деп те үлгермей қалдық. Ақшаны дайындауға бізге бес ай уақыт беріп, үйді біздің атымызға аударып тастады. Ол ай сайын 1-2 миллионнан алып жүрді. Осылайша 7 миллионға дейін алып жүріп, қалған 35 миллионды кейін бересіңдер деді. Бірақ 2,5 айдан кейін келіп, "ақша керек болып жатыр, қалған ақшаны тауып беріңдер" деп талап қойды. Досымның анасына барып, жағдайды түсіндірдік, ол бізді түсініп, 35 миллион теңгені берді. Арман Сартаевты шақырып, ақшасын беріп, қолхат алдырып алдық. Ол Дикий Арманның адамы болғандықтан қорықтық. 

Арада бір апта өтіп, Дикий Арманның адамы қайтадан хабарласты. Мен ол кезде Алматыға көлік сатуға келгенмін. Қалада тамақтанып, үй жаққа келе жатсам, мені үйдің алдында күтіп тұр екен. Үйге кіргенде маған 7 миллион теңге бересің деді. Себебі әйелі екеуі жанжалдасып қалған екен, ал ол әйелінің үйі болған. Ол "бұл менің үйім" деп 7 миллион теңгені тауып кел деген екен. Мен ондай ақша жоғын, бастапқыда алып жүрген 7 миллионын үйдің бағасынан алып тастауға келіскенімізді айттым. Ол мені мүгедек қылып қоятынын, аяғымды сындыратынын айтты. Қоқан-лоқы басталды. Ол менен ақшаны алмай кетпейтінін түсіндім, кейін көлігімді алуын ұсындым, бірақ ол көнбей, бірге Шымкентке барып, көлікті сатып, ақша беруімді талап етті. Мен ол көлікті танысымнан 13 миллионға сатып алғанмын. Қайтадан сол танысыма барып, қайтып алшы көлікті дедім. Ол 6,8 миллион ғана барын айтты. Мен ол ақшаны алып, Арман Сартаевқа бердім. Яғни 7 миллионнан екі рет бергенмін", - дейді қорлық көрген азамат.

Ол осымен шаруа бітті деп ойлаған. Алайда бір күні кафеде тамақ ішіп отырған жерінен досы екеуінің әлдекімдер жағасынан ұстап, алып шығып кеткен.  

"Мені қонақүйге апарып, мойныма пышақ тақап, көлік сататын сайттан маған құны 6,2 миллион деп тұрған Toyota Camry-ды көрсетіп,"екі күннің ішінде көлік менің астымда болсын" деді. Мен не істерімді білмей Алматыға қашып кеттім. Үйде жатқан жерімде екі жігіт келіп, мені оятып, Отарға алып кетті. Арман Сартаев менің нөмірімді аңду үшін құзырлы органдарға 500 мың теңге берген", - дейді қорлық көрген азамат.

Осылайша о баста талап еткен ақшасын 20 миллион етіп қайтару керегін айтқан. Құпия азаматтың сөзінше, Дикий Арманның онға жуық адамы ақша талап етіп жүрген. 

"Мен саған ана адам тиіспейтіндей етіп беремін" деп 3 миллион сұрайды. Ол сөздерді елемесем мені ұрып кететін", - дейді құпия азамат.  

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының тұрғыны Райхан Аязбаева халықаралық іздеуде жүрген қылмыскер "Чина Албан" - Шыңғыс Мұқашевтан ұлын арашалап беруді сұраған болатын.

Кейбір деректер бойынша, Чина Албан - Дикий Арманның қылмыстық тобындағы адам. 

"Менің ұлым Бақытжан Мұхамеджаннан Чина Албан екі жылдан бері ақша бопсалап жүр. Жақында "Чинаның" тобындағы төрт адам ұлымды кездесуге алдап шақырып, тауға апарып, ұрып-соғып, намысына тиетін видеолар түсірген. Ол видеоларды әлеуметтік желіге жүктеймін деп ақша бопсалады. Баламның абыройы төгілмесін деп, қорыққанымыздан "Чинаға" апта сайын 200 мыңнан 1 миллионға дейін бердік. Қазіргі таңда үйімізді сатып, далада қалдық", - дейді Райхан Аязбаева.

Соның өзінде Шыңғыс Мұқашев Түркияда жүріп қорқытуын тоқтатпаған.

"Ақша жібермейміз десек барлық видеоны әлеуметтік желіде парақша ашып, Тикток-қа салған. Алматы облысы ішкі істер департаментінің полиция майоры Мақсат Ихсанов мырзаның көмегіне жүгіндік. Ол ұлымды тауға апарып, қинаған қылмыскерлерді ұстауға көмектесті. Видеолар әлеуметтік желіге салынғаннан кейін ұлым "анам көрмесінші, видеоларды өшіріп тастауға көмектесіңізші" деп Мақсат Ихсановтан көмек сұрайды. Ол Мұқашевқа хабарласып, видеоларды желіден алып тастауын сұрайды.

Ал Мұқашев телефон әңгімесін видеоға түсіріп, Ихсанов қылмыскердің сөзін сөйлеп отыр деп жала жауып, желіге салып жіберген. Сонымен қатар, ұлыма төрт қылмыскерді босат деп қысым көрсетіп жатыр. Мұқашевтің кесірінен Ихсанов Мақсат мырза жұмысынан айырылу үстінде. Біз шарасыз күйдеміз", - дейді Райхан Аязбаева.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар