10 желтоқсанда көрерменге жол тартқан «Руың кім?» комедиялық фильмі прокаттан алынды. Tiger Films продюсерлік орталығының ресми мәлімдеуінше, кинокартина 18 желтоқсаннан кейін еліміздің кинотеатрларында көрсетілмейтін болды, деп жазады Alash.KZ.
Фильмнің басты рөлін сомдаған актер Қайрат Әділгерейдің айтуынша, туынды қоғамда рулық араздықты қоздыруы мүмкін деген қауіпке байланысты сынға ұшыраған.
— Кейбір азаматтар фильм рушылдықты насихаттайды деп ойлап отыр. Алайда киноның негізгі идеясы — керісінше, руға бөлінбеуге, бірлік пен татулыққа шақыру. Тек тизерлерге қарап, қате түсінік қалыптастырып жатқан жандар бар. Фильмді басынан аяғына дейін көрмейінше, оның қандай ой айтатынын түсіну қиын, — деді актер.
Ал фильм сценарийінің авторы Нұржан Еркінұлы картинаның прокаттан алынуына цензура ықпал еткен болуы мүмкін екенін алға тартты.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ру атауларын коммерциялық мақсатта қолдануға қарсы екенін білдірді. Оның айтуынша, соңғы уақытта кейбір контент жасаушылар мен кәсіпкерлер рушылдықты насихаттап, ру атауларын киім-кешекке жазып, оны бренд немесе маркетингтік өнім ретінде сатуды әдетке айналдырған. Депутат мұндай үрдістер қоғамдағы алауыздыққа жол ашуы мүмкін екенін атап өтті.