Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Депутат болсам да, министр болсам да араласуға құқым жоқ!: Аймағамбетов мәлімдеме жасады

14:15, 28 мамыр 2025 985

Мәжіліс депутаты, ҚР бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірінде туындаған жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ALASH.KZ.

Оның айтуынша, ең алдымен Қазақстан Конституциясы әр балаға орта білім алуға құқық беретіні ескерілуі тиіс.

«Кейбір балалар “Өркен” гранты арқылы НЗМ-де оқиды, ал басқалары гимназияларда немесе жалпы білім беретін мектептерде. Егер оқушылар тарапынан құқықбұзушылықтар орын алса, олар үшін девиантты мінез-құлықтағы балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттар қарастырылған. Заңнамада түрлі тәсілдер көзделген», — деді депутат.

Ол баланың білім алу құқығын қамтамасыз ету мен психологиялық қолдаудың маңызды екенін баса айтты. Алайда академиялық адалдық пен педагог мәртебесі секілді мәселелер тек мектептің құзырында екенін жеткізді.

«Мектептің шешіміне құрметпен қараймын. Олар өз шешімін қабылдады, енді дау туындамайды деп үміттенемін. Менің ойымша, әркім өз құзыреті шеңберінде шешім қабылдауы тиіс. Депутат болсам да, министр болсам да, араласуға құқығым жоқ. Министр кезімде мектепке барсам, тіпті сабаққа мұғалімнің рұқсатынсыз кірмейтінмін — 45 минут мұғалімге тиесілі. Кім болсаңыз да — бәрі заң алдында тең», — деп қосты Аймағамбетов.

Еске сала кетейік, соңғы қоңырауға бірнеше күн қалғанда Алматыдағы НЗМ оқушысы тәртіп бұзды деген айыппен мектептен шығарылған болатын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар