Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Болат Назарбаевтың ұлы Нұрболға қатысты рейдерлік әрекеттерге байланысты қылмыстық істі қайта жандандыруды сұрады, деп хабарлайды Alash.kz.
Оның айтуынша, зардап шеккен азаматтардан бірнеше рет шағым түскен. Бұған дейін депутат бизнес пен жерді заңсыз тартып алу фактілеріне қатысты Бас прокуратураға сауал жолдаған.
"Әділет іздеген бір емес, екеу емес, бір мыңнан аса адамнан - Алматы облысы Қарасай ауданы бұрынғы Каменское мал асылдандыру зауыты жұмысшыларының атынан түскен өтінішті мен үш рет депутаттық сауал ретінде жолдағаным осында отырған әріптестерімнің есінде болар. "Мықтының арты диірмен тартады" дегендей, ағасын арқаланған Нұрбол Назарбаев бүкіл бір кеңшар жұмысшыларының жекешелендіруге берілген 9 мың гектардан аса жер үлесін тартып алғаны жөніндегі менің депутаттық сауалым Бас прокурордың алдында да сөз болған еді. Бірақ одан әділетке лайық нәтиже болмады", – деді Бапи.
Депутаттың сөзінше, жуырда Қарағанды тұрғыны да көмек сұрап жүгінген. Ол рейдерлік басып алу салдарынан бизнесінен айырылғанын жеткізген. 2022 жылы оның арызы бойынша Алматы прокуратурасы мен Экономикалық тергеулер департаменті қылмыстық іс қозғағанымен, екі жылдан кейін "қылмыс құрамы болмағандықтан" іс жабылған.
Сол себепті Ермұрат Бапи Бас прокурорға сауал жолдап, істі қайта тергеуді талап етті.
"Қайтадан көтерілген сол істің заңды нәтижесі жөнінде мені ғана емес, бұрынғы биліктің Нұрбол Назарбаев сияқты қиянатшыларынан зардап шеккен қоғамды да хабардар етсеңіз деп сұраймын. Заңсыздықтан зәбір көрген азаматтарға қорған болайық, Бас прокурор мырза!" – деді ол.