Алматыда артық салмақтан арылу үшін ота жасатамын деп көз жұмған әйелдің денесін клиника мәйітханаға өткізіп жібергені хабарланды. 47 жастағы Құралай Батырханованың туыстары отаны жеңіл өтеді деп топшылаған, алайда соңы қайғылы жағдаймен аяқталды, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
Артық салмақтан арылу үшін "жеңіл" хирургиялық операция өткерген Құралай Батырханованың жағдайы нашарлап, жекеменшік клиникада жан тапсырды. Қаза тапқан марқұмның жақындары жағдайға дәрігерлерді кінәлап отыр. Олар медициналық мекемедегілер отаның соңы өлімге әкелуі мүмкін екенін ескертпегенін алға тартады 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасы жариялады бұл туралы ақпарат ұсынды.
47 жастағы Құралай Батырханованың туыстарының айтуынша, марқұм әрдайым көңілді, ашық-жарқын мінезді болған. Ауру-сырқауды білмеген. Тек артық салмақтан арылып, салауатты өмір салтын ұстанғысы келіпті. Осылайша Алматыдағы атағы жер жаратын жекеменшік клиникаға жүгініп, ота арқылы денесіндегі майды алдыруды жөн санапты. Бұл үшін 2 миллион теңге де төлеп, 5 шілдеде ота жасатуға кеткен екен.
Туған күніме жаңа Құралай болып келемін” деп, қуанып отаға кеткен еді. Мұғалім ғой, “27 шілдеде жұмысқа шығамын, отадан кейін 10-15 күн күтінемін” деп ойлады. Бір күмән болған жоқ, дәрігерге де күмәнданбадық. Клиника клиенттерінің пікірін қарасақ, Алматы бойынша "нөмірі бірінші" орталық екен, – деді марқұмның сіңілісі Сәулет Батырхан.
Әйел сол күні отадан кейін көз жұмған екен. 8 шілдеде туған күнін атап өткісі келген марқұм қуанышына бір тәулік жетпей жер қойнына тапсырылды. Артында 3 баласы қалды.
Қара жамылған отбасы жекеменшік клиника ота жайында толық мәлімет бермеді, отадан кейін дұрыс күтім жасамады деп шағымдануда. Науқастың көз жұмғаны да бірден хабарланбады дейді.
Адамның миын улау ғой бұл. Неге олар “мұндай жағдай болады, өліп қалуыңыз мүмкін" деп айтпайды?! Ең болмағанда 90 пайыздың 2 пайызында осындай жағдай ықтимал деп ескертпеген. Барлығына 100 пайыз сенімді болған. "Сізді операциядан кейін сағат 2-де жолдасыңыз алып кетеді" деген. Біз солай сендіргеннен кейін не ойлаймыз? Жеңіл ота деп ойладық. Расында ондай емес! – деді марқұмның сіңілісі Гүлнәр Батырхан.
Құралай Батырханның туыстары жекеменшік клиника қызметкерлерінің марқұмның денесін ескертусіз мәйітханаға салып жібергеніне наразы. Ал басы дауға қалған мекеменің бас дәрігері сүйекті мәйітханаға алып кеткенінен хабарсыз екенін айтты. Сондай-ақ өлімнің нақты себебі анықталмайынша оқиғаға қатысты ақпарат беруден бас тартты.
Моральдық жауапкершілік менің мойнымда. Өйткені отаны жасаған да, сенім ұялатқан да мен. Өкінішке қарай үмітті ақтамадым. Бұл жағдай маған да ауыр. Бұған дейін бізде адам өлімі болмаған. Науқасқа іш майын алып тастау отасы жасалған еді. Мен басымды алып қашпаймын. Өлімнің нақты себебі анықталсын. Әзірге бар айтарым осы, – деді "AMIRA" Пластикалық хирургия және косметология клиникасының бас дәрігері Данияр Урмузин.
Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Процессуалдық шешім өлімнің себеп-салдарын анықтау мақсатында тағайындалған сот-медициналық сараптама қорытындысы шыққанда ғана белгілі болады. Марқұмның туыстары тергеудің әділ өтуін талап етіп отыр.