Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Дәстүр деп бар жүкті қызға-келінге, әйелге-анаға артып қойған қоғам еркекке неге артпайды осынша жүкті?!". Роза Әлқожа ішкі күйінішін жеткізді

15:55, 22 тамыз 2026

Танымал ақын әрі әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі жазбасында қоғамда талқыланып жатқан қайғылы оқиғаларға байланысты пікір білдірді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

Өз жазбасында өнер иесі әйелдердің отбасындағы жауапкершіліктің басым бөлігін жалғыз арқалауына қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, қоғамда кей келіндер ата-анасының абыройы мен ағайынның намысын ойлап, қиын жағдайға қарамастан отбасынан кете алмай жүреді.

Роза Әлқожа үйдің берекесі, бала тәрбиесі, тұрмыс-тіршілігі мен ата-ананың жағдайы секілді міндеттерді тек әйелге жүктеу дұрыс емес екенін атап өтті. Ол отбасыдағы жауапкершілік ер мен әйелге ортақ болуы керек деген пікір білдірді.

- “Сіз неге барни жайлы үндемедіңіз?” депті бір оқырман.
Не дейін?
Әдетте әңгіме бәрі біткенде ғана айтылады, ашылады. Ал, сол халде жүрген қаншама қыз-келіншек бар. Торға түскен торғайдай, “келінді күң қылады күте алмағанның” күйін кешіп жүр. Кетейін десе “кел” дейтін анасы жоқ. Ата-ананың абыройы, аға-бауырдың намысы деп іштей тұншығады.
Салт деп, дәстүр деп бар жүкті қызға-келінге, әйелге-анаға артып қойған қоғам еркекке неге артпайды осынша жүкті?!
Ағайынның татулығын, жанұяның берекесін, ата-ананың жағдайын, баланың қамын неге әйел ғана ойлау керек?
Үйдің тірлігін, барды жеткізуді, айналаны таза ұстауды неге бір келін ғана мойнына алу керек?
Әуелде құлдыққа сатылып па еді?!.
Жазайын десең сөз көп. Айтсаң ар жағы ақтарылып кете ме деп аузыңды ашпайсың. Әйтпесе әндетпек түгілі, зар дастан айтуға бармыз.
Үндемегенге сүмелек, жасырғанға жасық деп қалмаңыздар.– деп жазды әнші.

Өнер иесі келіннің де жеке қалауы, арманы, сезімі мен өз шегі бар екенін айтып, әйелді отбасының барлық ауыртпалығын көтеруге міндеттейтін көзқарасты сынға алды.

Сондай-ақ ол ер адамдардың отбасы алдындағы жауапкершілігіне тоқталып, ер азаматтың өз отбасын басқаруға және қорғауға дайын болуы маңызды екенін айтты.

«Отбасы деген – жауапкершілік. Әуелде шамасы келмейтін балаға келін алмау керек. Жараспаса, жіберу керек. Ол да біреудің аялап баққан баласы», – деді Роза Әлқожа.

Ақынның пікірінше, ананы сыйлау әйелдің құқығын шектеу немесе оны төмендету дегенді білдірмейді. Ол ер азаматтарды есейіп, отбасының жауапкершілігін өз мойнына алуға шақырды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар