«Қайрат» пен Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтбаев Еуро-2026 турнирінің 19 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы іріктеу кезеңінің элиталық раундында өнер көрсетуі мүмкін. Бұл туралы Alash.KZ сайты Sports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл мәліметті Қазақстан футбол федерациясының құрамалар департаментінің менеджері Рахат Әкімқұл YouTube-тағы Nursultan Qurman арнасына берген сұхбатында айтты.
— Егер біздің құрама наурыз айында элиталық раундтан өтсе, бұл тарихи жетістік болады. Ол жерде Дастан Сәтбаев ойнай алмай ма? — деген сұрақ қойылды Әкімқұлға.
— Неге ойнай алмайды? Дастан Сәтбаевтың ойнауына мүмкіндік бар. Егер біздің жаттықтырушылар штабы негізгі ұлттық құраманың бапкерлерімен келіссөз жүргізіп, ортақ шешімге келсе, оны шақыруға болады. Ол 2008 жылы туған. Бізде 2007–2008 жылдары дүниеге келген футболшылар бар. Наурыз айында ол Қазақстанда негізгі құраманың FIFA Series аясындағы жолдастық кездесулеріне қатысады. Егер бапкерлер штабы оны жолдастық матчтарға емес, элиталық раунд ойындарына тарту жөнінде келіссе, бұл әбден мүмкін, — деді менеджер.
Еуро-2026 (U-19) іріктеу кезеңінің элиталық раунды 2026 жылғы 25–31 наурыз аралығында Румынияда өтеді. Қазақстан құрамасы бесінші топқа түсіп, Украина, Румыния және Солтүстік Ирландия командаларымен сынға түседі.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың маусым айында Дастан Сәтбаев Қазақстанның U-21 құрамасы сапында Андорраға қарсы Еуро-2027 іріктеу кезеңінің үй матчында ойнап, команда 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.